АҚШ-тағы президенттік сайлау Америка тарихындағы ең қымбат шараға айналуы мүмкін

0
699

Дауыс беру күні жақындаған сайын елде саяси текетірес те өрши түсті.


АҚШ-тағы президенттік сайлау Америка тарихындағы ең қымбат шараға айналуы мүмкін

ERNUR.KZ. Үшінші қараша күні АҚШ-та президенттік сайлау өтеді, деп хабарлайды Хабар24.

Дауыс беру күні жақындаған сайын елде саяси текетірес те өрши түсті. Бұл жолы кім жеңеді? Дауыс беру нәтижесі қандай болады? Бұл сауалдар көптің көкейінде жүр.

АҚШ-та қарашаның үшінде өтетін президенттік сайлау Америка тарихындағы ең қымбат шараға айналуы мүмкін. Себебі оған 14 миллиард доллардан астам қаржы кеткен. Алдағы сайлаудың тағы бір ерекше тұсы сайлаушылардың асқан белсенділігі болып отыр. Бүгінге дейін 75 миллион америкалық мерзімінен бұрын дауыс беріп қойған. Жартысынан астамы өз таңдауын пошта арқылы жасапты.


- Бүгінгі таңда штатымыздағы сайлаушылардың шамамен 90 проценті мерзімінен бұрын дауыс берді. Рекордтық көрсеткіш Кинг округінде тіркелді. Қазір біздің ғимаратта 850 мыңға жуық бюллетень бар. Оларды мұқият есептеп, өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді Кинг округі сайлау штабының басшысы Кендалл Ходсон.


Сайлаудың негізгі күніне санаулы күндер ғана қалды. Соған қарамастан, мамандар әлі де әлеуметтік сауалнама жүргізіп, саяси сайыстың нәтижесін күні бұрын болжап-білуге асық. Олардың дерегінше, қазір Америкадағы ең ірі 10 штаттың тоғызында Байден алда келеді.


- Трамп дұрыс жоспар құра білу қабілетінің жоқтығынан жұртты қинап жатыр. Ол билік басында неғұрлым ұзақ болған сайын соғұрлым ессіз болып барады. Мұны өзгертетін уақыт келді, - деді АҚШ президенттігіне үміткер Джо Байден.


- Джо өзінің қайда екенін білмейді. Ол көп рет шатасты. Ал мен ол сияқты емеспін. Есте сақтау қабілетім әлдеқайда жақсы. Сондықтан бәрі есімде, - дейді АҚШ президенті Дональд Трамп.


Сайлау нәтижесіне президенттік дебаттардың айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Өйткені екі пікірталас та өте қызу өтті. Саясаткерлердің екеуі де бір-біріне сөз бермей, жеке басқа өткен кездері де болды. Жалпы демократ Джо Байден мен респубикалық партия өкілі Дональд Трамптың саяси ұстанымдары әуелден-ақ бір-біріне кереғар болды. Ол коронавирус індеті басталғанда анық байқалды.