Әуежайларда хиджаб киетін жолаушылар қатаң тексеріле бастады

0
2 416

Мұсылман бас киімін киген қыз-келіншектер қатаң тексеруден өткізіп жатыр.


Әуежайларда хиджаб киетін жолаушылар қатаң тексеріле бастады

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. Өзбекстан әуежайларында мұсылман бас киімін киген қыз-келіншектерді қатаң тексеруден өткізіп жатыр. Бұл жайында Азаттықтың өзбек қызметіне 24 қазанда Стамбұлдан Ташкентке ұшып келген әйел хабарлады, деп жазады centralasian.org.

"Мен төлқұжатты тексеру кезегінде тұрдым. Менімен бірге бірнеше әйел кезекте тұрды. Кезек маған жақындағанда, хиджабымды шешуімді сұрады. Бас киімсіз мені бірнеше рет суретке түсірді. Себебін сұрағанымда, тапсырма солай деді. Бірақ олар тарапынан ешқандай дөрекілік байқамадым,- деді сұқбат беруші әйел.

Бұл тақырыпты зерттеу үшін "Озодлик" журналистері Ташкент, Бухара, Әндіжан, Ферғана және Үргенч әуежайы өкілдеріне хабарласты. "Бұхара" әуежайы қызметкері мұсылман бас киіміндегі әйелдерді жіті тексеріп жатқанын жасырмады.

"Бұрын-соңды біздің әуежайда мұндай тексерулер болған емес. Екі-үш апта бұрын басталды. Бізге осындай тапсырма берілді. Әсіресе қара хиджаб киген әйелдерді жіті тексеруге бұйрық берілді", - деді ол.

Осы айда "Озодлик" радиосына үкіметтегі дереккөзі Өзбекстан президентінің құпия жарлығын жіберген. Құжатта сақал қоюға және хиджаб киюге қарсы кампания бастауды бұйырған. Мұнан бөлек хиджаб киетіндердің арнайы тізімі жасалып, олармен жұмыс істеу керектігі айтылған.