Ауғанстандық отбасылар аш қалмас үшін нәрестелерін сатуға мәжбүр

0
378

Нәрестені 500 долларға сатқан. Бұл ақшаға отбасы бірнеше ай күн көре алады.


Ауғанстандық отбасылар аш қалмас үшін нәрестелерін сатуға мәжбүр

ERNUR.KZ. Дереу шара қолданбаса, миллиондаған ауған азаматы аш қалады. БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы осылай мәлімдеді, деп жазады centralasian.org.

Ақпаратқа қарағанда, шамамен 22,8 млн адам (Ауғанстан халқының жартысы) қазірдің өзінде азық-түлік тапшылығына ұшырап отыр, 3,2 миллионы – бала.

Британдық BBC сайты Герат қаласы маңында бала-шағасын аш қалдырмас үшін жаңа туған нәрестесін сатуға мәжбүр болған көп балалы отбасы туралы жазды.

"Үйде не ұн, не май жоқ. Солай істеуге мәжбүр болдық" деді нәрестенің әкесі.

BBC сайтының жазуынша, нәрестені 500 долларға сатқан. Бұл ақшаға отбасы бірнеше ай күн көре алады. Жаңа туған нәресте жүре бастаған кезде оны сатып алушыға береді. Сатып алушы оны есейген соң ұлына қосатынын айтқан. Бірақ уәдесінде тұратынына еш кепілдік жоқ.

Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бұл осылай істеуге мәжбүр болған Ауғанстандағы жалғыз отбасы емес. “Ауғанстан ауыр гуманитарлық дағдарысты бастан кешіріп отыр. Апат болайын деп тұр” деді БҰҰ Азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Дэвид Бизли.

Тамыз айында шетел әскері кеткеннен кейін Ауғанстан билігі “Талибан” (Қазақстанда тыйым салынған) радикалды қозғалысының қолына өткен. Әлемнің бір де бір мемлекеті оның билігін мойындаған жоқ.

Соның салдарынан Ауғанстан Еуропа елдері, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының көмегінен қағылды. Шетел қаржысы ЖІӨ-нің 40 пайызына жеткен.

Қазір елде азық-түлік, дәрі-дәрмек дағдарысы орнады. Азық-түлік құны күрт өсті. Одан бөлек, Ауғанстанда соңғы төрт жылда екінші рет қуаңшылық орнаған. БҰҰ ақпаратынша, соның нәтижесінде күн сайын ауған отбасыларының тек бес пайызы ғана тойып тамақ ішеді.

Қыркүйекте Женевадағы конференция кезінде халықаралық қауымдастық ауған азаматтарына көмек қолын созу үшін миллиард доллардан астам қаржылай көмек беретінін айтқан. Бұл ақшаның үштен бірі БҰҰ-ның Азық-түлік бағдарламасын жүзеге асыруға жұмсалады. Алайда Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы әзірге қаражаттың тек бір бөлігі ғана түскенін және оның теңіз тамшысындай әсер беретінін айтады.