Әзербайжанда күндізгі бөлімде оқитын студенттердің жұмыс істеуіне рұқсат жоқ

0
839

Мұндай мүмкіндік тек сырттай білім алатындарға ғана берілген.


Әзербайжанда күндізгі бөлімде оқитын студенттердің жұмыс істеуіне рұқсат жоқ

фото: foreign.vnmu.edu.ua

ERNUR.KZ. Әзербайжанда күндізгі бөлімде оқитын студенттерге жұмыс істеуге тыйым салынған, деп жазады «Хабар 24».

Бірақ соған қарамастан жастардың көбі күнделікті шығынның орнын толтыру үшін екі қолға бір күрек тапқан.

Әзербайжанның Білім және еңбек туралы заңына сәйкес, күндізгі бөлімде оқитын студенттердің жұмыс істеуіне рұқсат етілмейді. Мұндай мүмкіндік тек сырттай білім алатындарға ғана берілген. Соған қарамастан студенттердің көбі күнкөріс немесе оқу ақысын төлеуге ақша жинау үшін бірінші курстан бастап жұмыс іздеуге кіріседі. Мамандардың айтуынша, еңбек пен оқуды қатар алып жүру өте қиын. Дей тұрғанмен кадрларды даярлауда ол өзіндік септігін тигізеді дейді.

– Бүгінде студенттердің көбі жұмыс істейді. Мемлекеттік құрылымдарда болмаса жекеменшік секторда нәпақа тауып жүр. Мәселен, дәмхана, мейрамханаларда даяшы, түрлі компанияларда күзетші болып істейді. Бірақ олар өз мамандықтары бойынша қызмет етсе, тіпті жақсы болар еді. Егер күндізгі бөлімдегі студенттерге қойылған шектеулер алынып тасталса, олар оқудан кейінгі қызметтеріне анағұрлым дайын болар еді. Яғни теориялық біліммен қатар тәжірибе тұрғысынан да шыңдалар еді, - деді білім беру саласындағы сарапшы Кямран Асадов.

Оқу мен еңбекті қатар алып жүргендердің бірі – Фуад. Ол бірінші курстан бастап жұмыс істейді екен. Айтуынша, алғашында біршама қиналған, бірақ кейін үйренген көрінеді.

– Мен университетке түскен кезімде бірден қонақ үй саласына орналастым. Түнгі уақыттағы жұмысты іздегенімде дәл осындағы бос орын бұйырды. Қолымнан келгенше оқу мен еңбекті қатар алып жүруге тырыстым. Бастапқы уақытта жұмыс кестесіне байланысты қатты қиналдым. Ал қазір үйреніп кеттім. Осында, міне, 3 жыл бойы табыс тауып жүрмін. Алдағы уақытта болашағымды осы қонақ үй саласымен байланыстырсам деймін, - деді 3-курс студенті Фуад Агакеримов.

Қазір Фуад маркетинг және менеджмент факультетінде білім алады. Айтуынша, оқуды енді ғана тәмамдап, жұмыс іздей бастаған кезде жұмыс берушілер көбіне тәжірибенің бар-жоғын сұрайды. Сондықтан студенттік тәжірибе өте қажет екенін айтады. «Бірақ ол үшін айтарлықтай күш салу керек», – дейді ол.