Бішкектің бұрынғы мэрі жемқорлық күдігіне ілінді

0
939

Тергеу дерегінше, 2014 жылы Құлматов Бішкек мэрі қызметін атқара отырып, алдын-ала дерек бойынша құны екі миллион долларлық грант қаражатын заңсыз пайдаланған.


Бішкектің бұрынғы мэрі жемқорлық күдігіне ілінді

18 мамырда Бішкектің бұрынғы мэрі Құбанышбек Құлматовқа “жемқорлық” бойынша (ҚР ҚК 303-ші бап, 1-ші бөлімі) айып тағылған. Бұл туралы Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады. Комитет ақпараты бойынша, Құлматовтан елден кетпеу туралы қолхат алынған.

Тергеу дерегінше, 2014 жылы Құлматов Бішкек мэрі қызметін атқара отырып, алдын-ала дерек бойынша құны екі миллион долларлық грант қаражатын заңсыз пайдаланған. Бішкек ЖЭС (жылу электр станциясы) модернизациялау жобасы аясында Қытайдың TBEA компаниясынан алынған қаржы аймақтағы екі жаңа мектептің құрылысына жұмсалуы тиіс болған. Бұған қоса, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, ол бұл қаржыны "мектеп құрылысына керек" деген желеумен үкіметтен алып, жергілікті өзін-өзі басқару органына аударған.

“Құбанышбек Құлматов “Альто Групп” жауапкершілігі шектеулі қауымдастықтың жетекшісімен келісіп, конкурссыз келісім-шарт жасасқан, Қытай компаниясынан бір миллион доллар қаражат алып, жеке компанияның есепшотына аудартқызған. Сонымен бірге “Қалыс Орда” тұрғын үй кешеніндегі мектептің құрылысын аяқтау үшін қалалық бюджеттен қосымша 100 миллионнан астам сом қаражат бөлінген” делінген мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарламасында.

Бұл іске байланысты тінту жұмыстары жүрген. Құбанышбек Құлматовтан сұрақ-жауап алу үшін бүгін мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетіне шақырылған. Одан бұған дейін 11 мамырда жауап алынған.

2014 жылы Бішкек ЖЭС-ын 386 миллион доллармен жаңартуға кіріскен ТВЕА компаниясы бұдан бөлек Бішкекте екі миллион долларға мектеп салып беру міндетін алған. Әуелі 750 орындық мектеп болады деп көрсетілсе де, кейінірек 660 орынға дейін азайтылған.

Құлматов 2016 жылы Бішкек мэрі қызметінен отставкаға кеткеннен кейін мемлекеттік кеден қызметін басқарды. Ол бұған дейін де, яғни 2010-2013 жылдары кеден қызметін басқарған.14 мамыр 2018 жылы Құлматов мемлекеттік кеден қызметі басшысы қызметінен отставкаға кетті.

дереккөз: Азаттық Радиосы