​Енді талақ айтып ажырасқандар сотталады

0
1 779

"Үш рет талақ айту" өткен жылы конституцияға сай келмейді деп танылған.


​Енді талақ айтып ажырасқандар сотталады

ERNUR.KZ. Үндістан үкіметі "исламша ажырасуға" тыйым салу туралы жобаны қабылдады, деп жазады Тengrinews.kz.

Ер адам кез келген уақытта ажырасуға құқылы деген норма әйелдердің конституциялық құқығын бұзады деп танылды.

172 миллион үнді мұсылмандарының басым бөлігі – сунниттер, олардың отбасылық өмірі діни заңдарға ғана бағынады. Ол заңға сәйкес, ер адам қалаған уақытында арабтардың "талақ" – ажырасу сөзін үш рет қайталап, некесін бұза алады. Оны кездесіп, тіпті қоңырау шалып немесе СМС-хабарлама жіберіп, болмаса әлеуметтік желі арқылы да айтуға болады.

Үндістанның әділет министрі Рави Шанкар Прасадтың айтуынша, көршілес 22 ел ондай тәжірибеден бас тартқан, ол елдердің қатарында Пәкістан мен Бангладеш бар. Тыйым салу толыққанды қабылданғаннан кейін оны бұзғандар үш жылға дейін түрмеге қамалады.

"Үш рет талақ айту" өткен жылы конституцияға сай келмейді деп танылған, алайда енді премьер Нарендра Модидің үкіметі ережелерді қатаңдатпақшы. Мұндай айыппен сотталғандар кепілдік беріп бостандыққа шыға алмайды. Ел конгресінде оппозициялық партия мұндай қатаң жазаға қарсы шығып, жеңілдетуді ұсынды.

Үндістандағы азаматтық құқық нормалары бұрыннан заңға бағынатын болса да, Үндістандағы мұсылмандар діни ережелермен өмір сүруді тоқтатпай келеді, себебі бұл елде бірыңғай азаматтық кодекс жоқ.