Газа секторы төңірегіндегі жағдай ушығып барады

0
1 178

​Израиль аймақты бомбаласа, палестиндіктер де қарымта жауап ретінде көршілес елдің аумағын зымыранмен атқылап жатыр,-деп хабарлайды 24.KZ.


Газа секторы төңірегіндегі жағдай ушығып барады

фото: 24.KZ

Израиль аймақты бомбаласа, палестиндіктер де қарымта жауап ретінде көршілес елдің аумағын зымыранмен атқылап жатыр,-деп хабарлайды 24.KZ.

Барлығы шекарадағы қаскүнемдіктен басталды. Израильдік күзет қауіпсіздік қақпасында ілініп тұрған күдікті жалауға жақындады. Бір сарбаздың жалауға қол созған сәтінде жарылыс болып, төрт әскери жараланды, екі сарбаз өте ауыр жағдайда ауруханаға түсті.

Көп ұзамай жарылысқа жауап ретінде Газа секторының шекара бойында тұрған танкілер Хамас жауынгерлерінің бекінісіне оқ жаудырды. Хамас әскерилері де қарап қалған жоқ, қарымта жауап ретінде бірнеше зымыран ұшырды. Израильдің оңтүстігінде алдын ала хабарлау жүйесі іске қосылды. Зымырандардың бірі тұрғын үйге түскен, абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Салдарынан Израиль әскери-әуе күштері анклаве нысанасына қарсы қуатты зымырандар мен бомба арқылы соққы берді.

Гилад Шер, қауіпсіздік жөніндегі сарапшы:

- Әдетте біздің әскери-әуе күштер стационарлық нысандарды: қоймалар, қару-жарақ дайындау шеберханаларын, штаб секілді нысандарды пайдаланатын. Егер де олар барлау кезінде миномет тобын немесе лаңкестер тобын байқаса, оларды нысанаға алады.

Соңғы қақтығыста Израиль қатігездік танытып отыр. Олар Тель-Авивте жаңа әскери операцияны бастағылары келмесе де, шабуылды тежеу үшін маңызды істерге дайын екенін көрсетеді.

Фаузи Бархум, Газа секторындағы Хамас өкілі:

- Егер эскалация осылай жалғасып, бізді бомбалай берсе, біз де қарымта жауап береміз. Халықты қорғау – біздің тікелей міндетіміз. Қарсыласу арқылы біз басқыншылар шабуылынан қорғана аламыз.

Израильдік ұшақтардың соққысынан екі палестиндік мерт болды. Қайтыс болғандарды израильдіктер жауынгерлер десе, палестиндіктер қарапайым тұрғындар болатын деп өз уәждерін айтып отыр. Шабуыл құрбандары жер қойнына тапсырылған. Газамен шекара маңында «Темір күмбез» жүйесінің батареясы шұғыл қанат жаюда. Осы аудандарда бомбадан қорғанатын паналар тексеріліп, күзеттегілер броньдалған техникамен жабдықталып, күшейтілген.

Еврей мемлекетінің айналасындағы жағдай шиеленісіп тұр. Сириямен шекарасынан тыныштық кетсе, бір жағынан Жерорта теңізіндегі газ кен орнына таласып жатқан Ливанмен арасындағы қақтығыс та ушығуда. Египеттік Синай түбегінде де лаңкестерге қарсы операция жүріп жатыр. Мұның бәрі Иранмен арадағы текетірестің ұлғаюы кезінде белең алып отыр. Сарапшылар алда үлкен соғыс болуы мүмкін деген болжамды да жоққа шығармайды.