Ғалымдар бөлме гүлдерінің пайдасын жоққа шығарды

0
1 026

Бөлме өсімдіктерінің ауаға пайдалы әсері – жай ғана аңыз.


Ғалымдар бөлме гүлдерінің пайдасын жоққа шығарды

ERNUR.KZ. Әр шаршы метрге мың гүл өсіргенде ғана мол оттегі бөлініп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Америкалық зерттеушілердің айтуынша, бөлме өсімдіктерінің ауаға пайдалы әсері – жай ғана аңыз.

Ғалымдар осы тақырып бойынша соңғы 30 жыл ішінде жүргізілген ғылыми жұмыстардың қорытындысын шығарды деп хабарлады. Нәтижесінде олар өсімдіктер зиянды заттарды өте баяу сіңіреді деген қорытындыға келді.

Филадельфиядағы Дрексел университетінің профессоры Майкл Уорингтің айтуынша, қарапайым желдету жүйелерін пайдалану ауаны тазартуда әлдеқайда тиімді. Оның айтуынша, бөлменің әр шаршы футіне 93, яғни бір шаршы метрге мың өсімдік орналастырылған жағдайда ғана өсімдіктерден осындай пайда көруге болады.

Кеңсе немесе бөлме ішіндегі ауаның ластануы бүкіл әлемде маңызды проблемаға айналғаны да айтылды. Британдық корольдік дәрігерлер колледжінің мәліметі бойынша, бұл жыл сайын 99 мың Еуропа тұрғынының өлуіне себеп болады.