Гималай тауында сегіз альпинист жоғалып кетті

0
1 322

Альпинистер бұрын ешкім шықпаған 6 477 метрлік шыңға көтерілмек болған.


Гималай тауында сегіз альпинист жоғалып кетті

ERNUR.KZ. Үндістанның ең биік шыңдарының бірі Нанда-Девиге көтеріліп келе жатқан сегіз альпинист хабар-ошарсыз кетті. Олар - Ұлыбритания, АҚШ, Аустралия және Үндістан азаматтары, деп жазады ҚазАқпарат.

Оларды іздеуге әскери авиация жұмылдырылған. Құтқарушылар альпинистердің аман қалуы екіталай екенін айтып отыр. Үндістан альпинизм институтынан шыққан офицер, төрт британиялық, екі америкалық және бір аустралиялық бағындыру аса қиын шыңдардың бірі саналатын Нанда-Девиге көтерілуді 13 мамыр күні бастаған. Шыңның теңіз деңгейінен биіктігі - 7816 метр. Альпинистер алдымен бұрын ешкім шықпаған 6 477 метрлік шыңға көтерілмек болған.

Жоспар бойынша, 31 мамыр күні альпинистер лагерьге оралуы тиіс болатын. Олардан хабар болмаған соң, базадағылар дабыл қаққан. Жергілікті билік өкілдерінің жорамалынша, 27 мамыр күні тауда қар көшкен болуы мүмкін. Жоғалған альпинистерге сенбі күні іздеу салынған. Бірақ ауа райының нашарлауына байланысты, операция тоқтатылып, ертеңіне қайта басталған. Құтқарушылар қар көшкен жерге жеткенше 3-4 күн қажет.

«Оларды тірі табу мүмкіндігі елес сияқты», - дейді Уттаракханд штатының Питхорагарх округінің басшысы Виджай Кумар.