Канадада 10 адамды пышақтап өлтірген ағайындылардың біреуінің денесі табылды

0
476

Жексенбі күні Канаданың орталық Саскачеван провинциясында болған шабуылдан кем дегенде 10 адам қаза тауып, тағы 18 адам пышақ жарақатын алған.


Канадада 10 адамды пышақтап өлтірген ағайындылардың біреуінің денесі табылды

ERNUR.KZ. Канада полициясы жексенбіде елдің Саскачеван провинциясында жаппай кісі өлтірді деген екі күдіктінің бірі өлі табылғанын мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Ведомство мәліметінше, 31 жастағы Дэмиен Сандерсонның мәйіті қаза тапқандардың көпшілігі тұрған канадалық кри үндістерінің Джеймс Смит қауымдастығының аумағынан табылған.

Күдіктілер ағайынды болып шықты. Полицияның хабарлауынша, Майлз Сандерсон әлі бостандықта жүр, провинцияның астанасы Реджайна қаласында жүруі мүмкін.

Еске сала кетейік, жексенбі күні Канаданың орталық Саскачеван провинциясында болған шабуылдан кем дегенде 10 адам қаза тауып, тағы 18 адам пышақ жарақатын алған.

Полиция комиссарының көмекшісі Ронда Блэкмор баспасөз мәслихатында Дэмиеннің мәйіті полиция тінту жүргізген үйдің жанындағы қалың шөпті аймақта ашық жерден табылғанын айтты.

Оның айтуынша, Дэмиеннің денесінде жарақат ізі болған.

Полиция оның ағасы Майлздің әлі қашып жүргенін айтып, адамдарды сақ болуға шақырды.

Майлз бірнеше рет сотталған және жеке тұлға мен мүлікке қарсы қылмысы үшін бірнеше рет жауапқа тартылған.

Бұл оқиға Саскачеван провинциясын дүр сілкіндірді, онда полиция 13 түрлі жерде болған шабуылдарды тергеп жатыр.

«Біздің елде мұндай және басқа да зорлық-зомбылыққа орын жоқ», - деді дүйсенбіде Канада премьер-министрі Джастин Трюдо.

Құрбан болғандардың көпшілігі – 2000-ға жуық халқы бар канадалық кри үндістері тұратын Джеймс Смит резерватының тұрғындары.

Саскачеванда төтенше жағдай жарияланды.