Канадада 10 адамды пышақтап өлтірген күдікті ұсталды

0
538

Сандерсонға қасақана кісі өлтіру және өлтіруге оқталу деген айыптар тағылған.


Канадада 10 адамды пышақтап өлтірген күдікті ұсталды

ERNUR.KZ. Канада полициясы бір күнде 10 адамды өлтіріп, тағы 18 адамды жарақаттады деген күдікке ілінген Майлз Сандерсонды ұстады, деп жазады ҚазАқпарат.

Полиция Сандерсонды үш күн бойы Канаданың үш үлкен провинциясынан іздеп, ақыры Саскачеван провинциясындағы Ростерн қаласынан тапты.

Сандерсонға қасақана кісі өлтіру және өлтіруге оқталу деген айыптар тағылған.

Сандерсон және оның ағасы болуы мүмкін деп болжанған қайтыс болған азамат жаралаған он адам әлі ауруханада жатыр, үшеуінің жағдайы ауыр.

Қанды қырғын жексенбі күні Саскачеванның шалғай аймағында, канадалық кри үндістері қауымдастығының Джеймс Смит аумағында болды.

Дүйсенбі күні полиция Майлз Сандерсонның ағасы Дэмиеннің денесін тапты.

Оның денесі сол үнді қауымдастығында, полиция тінту жүргізіп жатқан үйдің жанындағы қалың шөптің арасынан табылды. Дэмиеннің денесінде жарақат белгілері болған.

Полиция, біріншіден, Дэмиеннің кісі өлтіруге қатысы бар-жоғын, екіншіден, оны ағасы өлтірген-өлтірмегенін анықтайды.

Майлз Сандерсонның бұған дейінгі қылмыстары көп. Жеке адамға және мүлікке қарсы қылмыс үшін бірнеше рет сотталған және билік оның төрт жылдық жазасын өтегеннен кейін ақпан айында неліктен шартты түрде түрмеден босатылғанын қайта тексеріп жатыр.

Еске сала кетейік, Канаданың орталық Саскачеван провинциясында болған шабуылдан кем дегенде 10 адам қаза тауып, тағы 15 адам пышақ жарақатын алған болатын.

Кейіннен Канада полициясы 10 адамды пышақтап өлтірген ағайындылардың біреуінің денесі табылғанын мәлімдеген еді.