Қоғамдық көліктер өсімдік майымен жүретін болады

0
1 545

Пайдаланған майды ағызып жіберсеңіз, айналамыздағы суды ластайды. Ал отын шығаруға қолдансақ, қоршаған ортаға пайдасын тигізеді.


Қоғамдық көліктер өсімдік майымен жүретін болады

иллюстрациялық фото: youtube.com

Венецияда қоғамдық көліктер енді өсімдік майымен жүрмек, деп хабарлайды ERNUR.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Бұл – шаһар билігі қолға алған экологиялық тәжірибе. Мейрамханалар қолданған майды жинап, өңдеуге жібереді. Одан дайындалған отынды су көліктері пайдаланады. Қала әкімдігі осылайша тарихи ескерткіштерге нұқсан келтіретін ауадағы зиянды қалдықтың мөлшері күрт азаятынына үміт артып отыр.

Майға қуырылған теңіз өнімдері Венецияда ең тараған тағамдардың қатарында. Қаладағы мейрамханалардың мәзіріне міндетті түрде қуырылған ас шаяны немесе кальмарлар кіреді. Ал дайындау үшін көп мөлшерде кететін өсімдік майын енді кәдеге жаратып жүр.

Симоне Вентурини, Венецияның экономикалық дамуы жөніндегі кеңесші:

- «Шығынсыз экономика» үдерісі жүзеге асып жатыр. Енді қалдықтарды да өзге өндірісте қолданып жүр. Пайдаланған майды ағызып жіберсеңіз, айналамыздағы суды ластайды. Ал отын шығаруға қолдансақ, қоршаған ортаға пайдасын тигізеді. Венецияда қолданылған майды жинауға арнайы контейнерлер орнатылған. Кейін өңдеу үшін зауытқа жеткізіледі.

Джакомо Рисполи, Eni Refining&Marketing бөлім директоры:

- Майды бір сүзіп алғаннан кейін біздің биоөндіріс зауытына жібереді. Ол жанармай шығару үшін шикізат ретінде қолданылады. Нәтижесінде дайын болған жоғары сапалы отынның 20 пайызы өсімдік майынан тұрады десек болады.

Антонио Феррари, көлік компаниясының техникалық қызмет көрсету маманы:

- Зиянды қалдықтарды азайтатын отын түріне көшу өте маңызды қадам болуы мүмкін. Қолданылып жүрген қозғалтқыштарды ауыстырмай, жаңа технологияларды енгізуге кететін қаржыны үнемдейміз.

Венеция каналдарымен жүретін әйгілі «вапореттилер» ылғи адамға толы, сол себептен жанармайды көп мөлшерде қажет етеді. Жолға шықпас бұрын 150 теплоходтың әрқайсысы экологиялық отынды толтырып құйып алады. Бұл тәжірибе жылдың соңына дейін жалғасады.

Авторлары: Юлия Гончар, Массимилиано Вольпе