Қолтық иіскейді: Дезодарант шығаратын компаниялар мамандарға қомақты қаржы төлейді

0
2 736

Жұмыс тәжірибесіне байланысты жылына 19 бен 52 мың доллар аралығында жалақы ала алады.


Қолтық иіскейді: Дезодарант шығаратын компаниялар мамандарға қомақты қаржы төлейді

иллюстрациялық фото

Соңғы уақытта шет мемлекеттерде сіз бен біз естімеген кәсіптерге сұраныс артып келеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Әлемде ерекше мамандықтар жетерлік. Бірі адамдарды топтастырып, өзгелерге ұқсамайтын өнер туындыларын бейнелесе, ендігісі тойыңызда қыз жолдас болуға дайын. Тек белгіленген ақысын төлесеңіз болғаны. Мұндай мамандар жұрттан тек қана бөлініп тұрмайды. Табысы да жақсы екен.

Йоханнес Стоттер италиялық боди-арт өнерінің өкілі. Яғни, адамдардың денесін бояп, әртүрлі жануарлардың, құстардың, балықтардың, ағаштардың, жеміс-жидектердің т.б. жаратылыстардың бейнесіне келтіреді. Бұл іспен 21 жылдан бері шұғылданып келе жатқан Йоханнес 2012 жылы боди-арт бойынша әлем чемпионы болған. Ол әр еңбегі көпшіліктің көңілінен шығу үшін сағаттар бойы тыным таппай жұмыс істейді. Мұндай туындыларды жасау үшін қандай ыждаһаттылық, табандылық пен мұқияттылық керек десеңші! Дегенмен, өз кәсібін жақсы көретіндерге қиындық жоқ екені анық. Боди-арт өнері өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап қарқынды дамып келеді.
Әрқилы ерекше мамандықтар бар. Мысалы, америкалық Джен Глантз кәсіби қыз жолдас. Яғни, тұрмысқа шыққан бойжеткендердің тойында қыз жолдас болып, сол үшін ақша алады. Оның жұмысы ұзатылып жатқан қыздың шашбауын көтеру. Дәлірек айтқанда, қалыңдық көйлегінің етегін көтеріп жүру, онымен бірге дәретханаға барып келу, билеу, суретке түсу, қысқасы, тойдың көңілді өтуіне атсалысу. Бұл кәсібін бастау үшін хабарландыру бергенде, екі апта ішінде Дженнің электронды поштасына әлемнің әр түкпіріндегі жүздеген қыздан өтініш түсіпті. Олардың кейбірі қыз жолдас болатын жақын құрбысы жоқ екенін айтса, кейбірі құрбылары бос емес екенін жазған. Дамыған елдерде кәсіби қыз жолдастар бір тойда 200-1000 доллар арасында, кейде тіпті одан да көп ақша табады екен.
Әрі-бері өткендерді шошытып тұрған бұл жігіттер тірі маникендер. Тұра-тұра іштері пысқан болу керек, жұртты шошыта бастапты. Негізі, олардың міндеті жаңа киімдерді киіп тұру арқылы жарнама жасау. Иә, иә, таңғалмаңыз, осындай да жұмыс бар. Бұған дене бітімі сымбатты, келбеті келісті жігіттер мен әдемі қыздар таңдап алынады. Шетелдерде олар сағатына 50-375 доллар арасында жалақы алады.
Ұзын-сонар кезекте тұруға уақыты мен күш-қуатын сарп еткісі келмейтіндер үшін Ұлыбританияда арнайы қызмет түрі ұсынылады. Яғни, онда кәсіби кезекте тұрушылар бар. Тек сағатына 24 доллар төлесеңіз болғаны. Кәсіби кезекте тұрушы болу үшін сабыр мен аяқ талса да, сыр бермейтін төзімділік керек. Иә, ақша табам деген кісіге дүниеде әртүрлі мүмкіндіктер бар. Тек жолын тапқаныңыз жөн.
Дегенмен, жұрттың бәрі бірдей істей алмайтын жиіркенішті жұмыстар да болады. Мысалы, дезодарант шығаратын компаниялар терлеп тұрған адамдардың қолтығын иіскеп, өнімнің сапасын тексеретін мамандарды ұстайды. Мұндай қызметті атқаратын кісінің иіс сезу қабілеті өте жоғары болу тиіс. Табысы тым жақсы. Жұмыс тәжірибесіне байланысты жылына 19000 доллар мен 52000 доллар аралығында кіріс түсіреді.