Коронавирус: Трамп Еуропадан келушілерге АҚШ-қа кіруге тыйым салды

0
611

Бүгінде АҚШ-та коронавирус індетін жұқтырудың 1135 оқиғасы тіркелген, ауруға шалдыққан 38 адам қайтыс болды.


Коронавирус: Трамп Еуропадан келушілерге АҚШ-қа кіруге тыйым салды

ERNUR.KZ. Президент Дональд Трамп коронавирустың таралуына жол бермеу үшін АҚШ-тың Еуропамен арадағы кез келген қатынасы, сонымен бірге теңіз және әуе тасымалының 30 күнге жабылатынын жариялады. Бұл шаралар жұма күнінен басталады, деп жазады ҚазАқпарат.

Трамп халыққа коронавирустың таралуына байланысты арнаған үндеуінде «қатаң, бірақ қажетті шектеулер» коронавирусты жұқтырудың 460 оқиғасы тіркелген Ұлыбританияға қатысты қолданылмайтынын айтты.

Сондай-ақ, Трамп конгресті коронавирустың АҚШ экономикасына әсерімен күрес аясында салық жүктемесін жеңілдету шараларын қолдануға шақырды.

Сәрсенбіде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жаңа коронавирустың таралуы пандемия режиміне жеткенін жария етті.

Бүгінде АҚШ-та коронавирус індетін жұқтырудың 1135 оқиғасы тіркелген, ауруға шалдыққан 38 адам қайтыс болды.

Вирустың ошағы Нью-Йорк қаласынан солтүстікке қарай орналасқан Нью-Рошельде анықталды. Жергілікті тұрғындарға көмек көрсету үшін онда әскерилер жіберілді. Ұлттық гвардия үйлерінде қамауда отырған тұрғындарға азық-түлік жеткізуде.

АҚШ астанасы Вашингтонда сәрсенбі күні төтенше жағдай жарияланған. 1000-нан астам адамның қатысуымен болатын жиналыстар өткізуге тыйым салынды. Мэрия жекелеген аудандар мен кварталдарда карантин жариялауға құқылы. Алдағы болатын барлық мерекелер мен фестивальдар тоқтатылды. ТЖ 31 наурызға дейін енгізілген. Әзірге ел астанасында ауру жұқтырудың 10 оқиғасы тіркелді.