Коронавирустың жаңа штамы Brent мұнайын 11,6 пайызға құлдыратты

0
567

Оңтүстік Африка Республикасында коронавирустың жаңа штамының пайда болуы туралы жаңалықтар әлемдік қаржы нарығына едәуір әсер етіп жатыр.


Коронавирустың жаңа штамы Brent мұнайын 11,6 пайызға құлдыратты

ERNUR.KZ. ҚР ҰБ Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұрлан Тұрсынханов осы ретте дамушы елдердің энергия тасымалдаушылары мен валюталары нарығындағы ахуалдың дамуы туралы айтып берді, деп жазады Ulysmedia.kz.

«Оңтүстік Африкада коронавирустың жаңа штамының табылуы және бірқатар елдердің әуе қатынасына тыйым салуы өткен жұмада мұнай бағасына, акцияларға және дамушы елдердің валюталарына баға белгілеуді төмендетті», - дейді ол.

ҰБ өкілі Оңтүстік Африканың штамы ғалымдардың назарына үш күн бұрын ғана түссе де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алаңдаушылығын туғызып отырғанын айтады. Жаңа штамдағы көптеген мутация оның жоғары жұқпалылығы және қолда бар вакциналарға төзімділігі туралы қауіптенуді тудырады. Ұлыбритания, Сингапур, Австрия, Израиль, Гонконг жаңа штамның анықталуына байланысты ОАР-дан рейстерді уақытша тоқтатқан алғашқы елдердің қатарында болды. Еуропалық комиссия бүкіл Еуропалық Одаққа ұқсас ұсыныс дайындап жатыр. Естеріңізге сала кетсек, өткен аптаның дүйсенбісінен бастап Еуропаның үш елінде коронавирус инфекциясымен ауырудың күрт өсуіне байланысты локдаун қолданыла бастады.

«Жаңа шектеу шараларының жаппай ықтимал енгізілуіне байланысты отынға деген сұраныстың күрт төмендеуіне қатысты қауіптену салдарынан Brent сұрыпты мұнай бір баррель үшін 82,2 доллардан 72,7 долларға дейін 11,6%-ға құлдырады. Мұнай нарығы АҚШ пен отынды тұтынушы – басқа елдердің стратегиялық резервтерден мұнайды сату бойынша келісілген іс-қимылынан кейін қысымда болды, алайда коронавирустық жағдайдың айқын нашарлауы баға белгілеудің құлдырауына әкелді. Инвесторлар сентиментінің күрт нашарлауы және қаржы нарықтарындағы кейінгі тәуекелдер акция нарығын да айналып өтпеді. Жұмада Eurostox 50 акцияларының еуропалық индексі 4,8%-ға, Nikkei жапон индексі 2,5%-ға құлдырады, S&P 500 Америка индексі 2,3%-ға төмендеп жабылды», - дейді ол.

Нұрлан Тұрсынханов жоғары құбылмалылық және коронавирустың жаңа штамымен байланысты тәуекелдер АҚШ долларыны мен басқа қорғаныш валюталарының одан әрі нығаюын қолдайтынын айтады. Еліміздің негізгі сауда әріптесі Ресей рублінің бағамы жұманың қорытындысы бойынша, мұнай бағасының құлдырауы мен Украина төңірегіндегі геосаяси белгісіздіктің өсуі салдарынан бір доллар үшін 74,6 рубльден 75,6 рубльге дейін 1,2%-ға әлсіреген. Жалпы алғанда, қарашаның басынан бастап дамушы елдердің валюта индексі 4,6%-ға төмендесе, АҚШ долларының DXY индексі дамыған елдердің валюталарына қарағанда 2,1%-ға нығайды.

«Бүгінгі күні Азия сессиясында Moderna мен Pfizer фармацевтикалық компанияларының вакциналарын қысқа мерзімде жаңа штамға бейімдеу мүмкіндігі туралы мәлімдемелері аясында біршама түзетілу байқалады. Мәселен, Brent сұрыпты мұнай бағасы бір баррель үшін 74,96 долларға дейін 3,08%-ға өсумен ашылды. Сыртқы нарықтардағы келеңсіздіктер мен мұнай бағасының құлдырауына жауап ретінде бүгін теңге бір доллар үшін 433,50 теңгеге дейін немесе жұмадан бастап 0,4%-ға әлсірей отырып ашылды. Мұнайдың бұдан кейінгі серпіні көбіне 2 желтоқсанға жоспарланған алдағы ОПЕК+ кездесуіне байланысты болады, оған сарапшылар Covid-19 жаңа штамы таралуының ықтимал теріс әсерін бағалауы керек. Егер өндіріс қарқынын тоқтата тұру туралы шешім қабылданатын болса, онда бұл мұнайдың бағасына және экспорттаушы елдердің валюталарына қолдау көрсетеді», - дейді ол.

Жаңа штамм айналасындағы белгісіздік штамның жұқпалылық, өлім-жітімге әкелу деңгейін және ең бастысы, осы штамға қарсы вакциналардың тиімділігін анықтауға тиіс ресми тестілеу нәтижелері пайда болғанға дейін сақталады.