Қытайда автопилот режимінде жүретін көліктер заңдастырылды

0
358

Қытайдың Шэньчжэнь қаласының билігі алғаш рет мегаполисте жүргізушінің басқаруынсыз жүретін «ақылды көліктерді» пайдалану ережелерін жариялады.


Қытайда автопилот режимінде жүретін көліктер заңдастырылды

ERNUR.KZ. Ол 1 тамыздан бастап күшіне енді. Бұл туралы қалалық заң шығарушы орган қабылдаған қаулыда айтылған, деп жазады ҚазАқпарат.

Ережеге сәйкес, көлікті автономды басқарудың үш деңгейі енгізіледі.

Біріншісі - шартты автоматты жүргізу. Онда көлік жүргізушінің жарты міндеті автоматты түрде басқарылады.
Екіншісі – теміртұлпар автопилот режимінде жүргізушінің бүкіл функциясын атқарады.
Үшіншісі - толық автоматтандырылған процесс.
Ереженің алғашқы екі деңгейінде көлік құралын басқаруға жүргізуші қатысуы тиіс. Ал, үшінші деңгейде «ақылды теміртұлпар» жүргізушінің қатысуынсыз межелі жерге өзі апарады.
Сонымен қатар, мұндай санаттағы көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларына қатысты арнайы жауапкершілік енгізіледі.
Мәслен, автономды басқарылатын көлікте жүргізуші отырған кезде апат болса, онда жүргізуші кінәлі болады. Мұндай жағдайда ол зардап шеккен тарапқа өтемақы төлеуге міндеттеледі.
Егер көлікте жүргізуші жоқ кезде жол-көлік оқиғасы орын алса, онда көліктің иесі жауапкершілікке тартылады.
Ал «ақылды теміртұлпардың» ақауына байланысты апат болса, онда оның иесі көлікті құрастырған компаниядан өтемақы талап етуге құқылы.
Жүргізушінің тікелей басқаруын талап етпейтін көліктер қаланың белгіленген аймақтарындағы арнайы жолдарда ғана жүре алады.