Қытайда коронавирус жұқтырғандарға 6 күн ішінде арнайы аурухана салынады

0
1 087

Бұл – коронавирустың өршуіне байланысты қабылданған шешім.


Қытайда коронавирус жұқтырғандарға 6 күн ішінде арнайы аурухана салынады

ERNUR.KZ. Қытай астанасы Бейжіңде, Шанхай қаласы мен Хубэй провинциясында қоғамдық денсаулық саласындағы төтенше жағдайларға әрекет етудің ең жоғарғы – бірінші деңгейі жарияланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – коронавирустың өршуіне байланысты қабылданған шешім. Енді билік білім беру мекемелері мен кәсіпорындарды жауып тастап, адам көп жиналатын шараларды өткізбеуі мүмкін. Вирусты жұқтыруы мүмкін деген күдікті жағдайларда қатаң карантинді шаралар қабылдауға құқылы. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандарында санитарлық тексеру күшейтіледі. Вирустың өршуіне байланысты қауесеттің таралуы мен бағалардың көтерілуіне жол бермеу үшін тиісті бөлімшелер мобилизациялануы да мүмкін.

– Мен биліктің не үшін ондай шара қабылдап жатқанын жақсы түсініп отырмын. Өйткені бұл – қауіпті вирус. Түрлі шараларды өткізбей, мекемелерді жапқаны дұрыс болды. Сақтықта қорлық жоқ, - деді Бейжің тұрғыны Ванг Геге.

Ал вирус алғаш тіркелген Ухань провинциясында небәрі 6 күн ішінде арнайы аурухана салынатын болды. Ол коронавирусты жұқтырған бір мың науқасты қабылдауға арналған. Сөйтіп барлық медициналық ресурстар бір орынға шоғырланып, науқастардың дені сау адамдармен қарым-қатынас етуі азайтылады. Уханьдағы мекеме Бейжіңдегі «Сяотаншань» ауруханасы үлгісінде салынбақ. Ол 2003 жылы атипті пневмонияның өршуі кезінде бір апта ішінде тұрғызылған болатын.