Ливия әскерилері жоғалған 2,5 тонна уранды тапты

0
489

Жетіспейтін уран бөшкелері сақталған полигон БҰҰ мойындаған билік органдары бақылайтын аумақтан тыс жерде орналасқан.


Ливия әскерилері жоғалған 2,5 тонна уранды тапты

ERNUR.KZ. Ливия аумағының бір бөлігін бақылайтын әскерилер бұдан бұрын БҰҰ жанындағы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдері жоғалып кетті деп жариялаған 2,5 тонна уранның табылғанын мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Жақында МАГАТЭ инспекторлары Ливиядағы аты аталмаған, жету жолы қиын қоймаға барып, ел билігі мағлұмдаған 10 баррель байытылмаған уранның жоқтығын анықтады.

Алайда, Ливияның шығыс аймақтарын бақылайтын Ұлттық армияның (LNA) ресми өкілдері бөшкелер Чадпен шекара маңында, Ливияның оңтүстігінде орналасқан сақтау қоймасынан бес шақырым жерде табылғанын айтады. МАГАТЭ бұл мәлімдемені тексеруге тырысып жатқанын хабарлады.

Ливияның батыс аймақтарын БҰҰ мойындаған Ұлттық келісім үкіметі (ҰҰК) бақылайды, ал шығысы генерал Халифа Хафтардың Ливия ұлттық армиясының (LNA) бақылауында. Елді бақылауға бірнеше басқа топ пен шет мемлекеттер де таласқа түсіп отыр.

Сейсенбі, 14 наурызда МАГАТЭ инспекторлары аймақтағы түрлі қарулы топтардың күресіне байланысты соңғы уақытта кіру қиынға соғатын сынақ алаңын тексеруге барған. МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси инспекторлар уран бөшкелерін олар болуы тиіс жерден таппағанын айтты.

«Агенттік радиоактивті материалдың қандай жағдайда шығарылғанын және оның қазір қайда екенін анықтау үшін қосымша зерттеулер жүргізеді. Радиоактивті материалдың қазіргі орны туралы ақпараттың болмауы радиологиялық қауіп, сонымен қатар ядролық қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық тудыруы мүмкін», - деді Гросси МАГАТЭ Басқарушылар кеңесіне мүше елдерге.

Жетіспейтін уран бөшкелері сақталған полигон БҰҰ мойындаған билік органдары бақылайтын аумақтан тыс жерде орналасқан. МАГАТЭ коммерциялық спутниктік суреттерді және басқа да жалпыға қолжетімді деректерді пайдалана отырып, осы аумақты үнемі бақылауда ұстайды.