​Мұғалімдерді мәжбүрлеп мерзімдік басылымдарға жаздыруға тыйым салынды

0
1 393

Басқа да көптеген артық жұмыс жасайтын мұғалімдердің қосымша жұмыстарының барлығы қысқартылды.


​Мұғалімдерді мәжбүрлеп мерзімдік басылымдарға жаздыруға тыйым салынды

ERNUR.KZ. Өзбекстанда ұстаздар бұрынғыдай қоғамдық жұмыстарға жегілмейді, деп жазады «Хабар 24».

Өйткені көрші елде «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заң өз күшіне енді. Басты құжат педагог құқын қорғап, қадір-қасиетін көтереді. Тиісінше ұстаздардан сұраныс та жоғары болмақ. Яғни шәкіртінің үлгерімі мұғалімнің беделін бағамдайды.

Қанат Жүнісбеков, twitter@kanat_shim

– Жаңа заңда педагог құқығымен қатар әлеуметтік мәселесі де қамтылған. Яғни қаладан ауылға келген жас маман бірінші кезекте баспанамен қамтылып, несие алады. Оған қоса жаңа жылдан бастап Өзбекстан бойынша ұстаздардың айлық жалақысы 25-30 пайызға артты. Ендігі жерде тәжірибесіне қарай төмен пайызбен жеңіл көлікті несиеге беру мәселесі де қарастырылып жатыр.

Нодир Абдувохидов былтыр ғана жоғарғы оқу орнын тәмамдап, мектепке ұстаз болып орналасыпты. Ағылшын пәнінің оқытушысы өз мамандығына сұраныс көп екенін айтады. Тіпті шетелде қомақты қаржыға жұмыс істеуге шақырыпты. «Алайда барлық ұсыныстардан ел болашағы үшін бас тарттым», – дейді жас маман.

Нодир Абдувохидов, жас маман:

– Алдағы уақытта басқа салаларда да өзімді сынап көрсем деген мақсатым бар. Дегенмен бірінші кезекте көпшілікпен жұмыс жасауды жөн көрдім. Оның ішінде мектепте оқушыларға білім беріп, өз тәжірибемді осы саладан бастағанды дұрыс деп санадым.

Жалпы Өзбекстанда президент пәрменімен білім саласын жетілдіруге арналған кешенді жоба жасалды. Соның арқасында ұстаздардың мәртебесі артып, жалақысы өсті. Зейнетке шыққан мұғалімдердің айлығымен бірге зейнетақысы толық төленетін болды. Карамат Сидикова зейнеткерлікке шықса да, бала тәрбиесінен қол үзген емес. Математика пәнінің мұғалімі оқушылармен қатар жас мамандарға да білгенін үйретеді. 32 жыл мектепте дәріс берген ұлағатты ұстаз елде педагог мәртебесінің көтерілгенін айтып, марқайып отыр.

Каромат Сидикова, зейнеткер ұстаз:

– Жалақымыз өсті, одан кейін зейнетақымыз түгелдей берілетін болды. Басқа да көптеген артық жұмыс жасайтын едік, жазу-сызу дегендей. Осылардың барлығы қысқартылды.

Өзбекстанда «Заманауи мектеп» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін 126 білім ұясы салынбақ. Сөйтіп 40 мың бала су жаңа мектеп табалдырығын аттайды. Тиісінше 704 білім ошағын қайта жаңғырту жоспарланған.

Гүлайым Торбаева, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Бір қабатты болып салынған ғимарат. Мұны екі қабатты қылып саламыз, не алдынан жаңа мектеп салып береміз деп 2019 жылдың жоспарына ендіріп жатыр. Біз барлық ата-аналармен бірге содан үміттеміз. Оқушыларымыздың саны 300 ден асады. Мектептерге көптеген жаңалық енгізілуде.

Ұстаздар қосымша жұмысқа жегілумен қатар қағазбастылықтан арылды. Яғни бұрынғыдай шұбырған қағаз емес, өздеріне тиесілі 3 құжатты ғана толтырады. Білім саласында осындай қолға алынған бірқатар шара қазірдің өзінде оң нәтижесін беріп жатыр.