Өзбекстанда "YouTube" және "Facebook" бұғатталды.

0
1 361

Бұл шешімді жергілікті билік қабылдаған.


Өзбекстанда

ERNUR.KZ. Өзбекстан Республикасында әлеуметтік желілер жіті тексеріліп, ауқымы мен аясы бақылауға алынып, қоғамға қажеттілігі құнтталып жатыр. Тіпті елде "YouTube" және "Facebook" желісінің бейресми бұғатталғанына - 1 айдан асқан. Маңызды ақпаратты бүгін республикалық Жастар Одағының белсенді өкілдері мәлімдеді, деп жазады еlitar.kz.

Айтуларынша, бұл шешімді жергілікті билік қабылдаған. Бірақ, атқамінерлер қос бірдей әлеуметтік желінің қолданыстан шеттетілуінің себебін әлі күнге жұртшылыққа жарияламаған. Нақты xабардар еткен жоқ.

Тұрғындардың ең көп шоғырланған аумағы - Ташкент пен Самарxандтағы ағайын аталған желілерден қол үзуін өздігінше топшылауға көшкеніне куә болдық.

Икрам Худайбергенов, республикалық Жастар Одағының мүшесі:
"Әрине, "YouTube" және "Facebook"-ке үйреніп, қоғамдағы қайбір мәселені де осы желілер арқылы ортаға тастап жүргенбіз. Мұны қолданып, қолданушысы атанудың өзі қиындық туғызбайтын. Тиісінше, біз - жастар жергілікті жұртқа өздерінің талап-тілектері мен көзқарасын айтып, "жоғарыға" жазуда өте тиімділігі де бар-тын. Өкінішке қарай, Өзбекстанда қазір аталған әлеуметтік желілерді "өшіріп" тастады. Яғни, желіге ену мүмкіндігі жойылды, бұғатталды. Мұның себебін мемлекетіміздегі билік басы ашып айтпаған соң әркім әрқалай түсіндіреді. Бірақ, менің сенімді ақпарат көздерінен естіп-білгенім - бұл желілер xалықтың таным-тынысын, көзқарасын "бұзады". Әсіресе, жастар қауымының жаhандану дәуірінде еліктеушілікке бой ұруына себепкер болады. Жастолқынның жат ағымның (экстремизм мен терроризм) жетегіне еруіне жол ашады, түрлі қауіп-қатердің, олқылықтың орын алуына әкеледі. Сондықтан, бұл әйгілі әлеуметтік желілерді қолдануды "құлыптап" тастауға тура келіпті. Билік басындағылардың бұл шешімі қаншалышты дұрыс-бұрысын мен білмеймін, бәлкім бұл уақытша болуы да мүмкін. Бірақ, біздің ғаламтордағы қайбір "қадамымыз" жіті бақылауға алынғанын әркез өздері жиі айтумен келеді. "Сақтықта - қорлық жоқ" дейді ғой, ендеше қай кезде де қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қорғану - артықтық етпейтіні анық деп ойлаймын".

Айта өтетін ақпарат, бүгінде Өзбекстанда "Telegram" және "Instagram" желілері ғана көптеп қолданысқа ие. Жастар қауымы ақпарат алмасуда да дәл осы желілердің көмегіне жиі жүгінетіндерін жасырған жоқ. Бірақ, әзірге аталған қос желіні қоспағанның өзінде, қарапайым ғаламторға енудің өзі қиынға соғып тұр. Біріншіден: интернет трафик-бірліктерінің құны қымбат, екіншіден: жылдамдығының үдерісі өте төмен.