Өзбекстандағы аязға байланысты Ташкент әкімі мен шенеуніктер қызметінен босатылды

0
617

Өзбекстанда кейінгі күндері минус 20 градусқа дейін аяз байқалған.


Өзбекстандағы аязға байланысты Ташкент әкімі мен шенеуніктер қызметінен босатылды

ERNUR.KZ. Ташкент әкімі Джахонгир Артықходжаев қысқы маусымға дұрыс дайындық жасалмағаны үшін қызметінен босатылды. Бұл туралы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев қатысқан кеңесте жарияланды, деп жазады tengrinews.kz.

Басылым мәліметінше, кеңесте елде қалыптасқан жағдай салалар мен өңірлер басшылары қызметінің айқын қорытындысы екені айтылған. Мысалы, Ташкенттің барлық басшысы қысқа дайындық дұрыс жүргізілмегені үшін қатаң сынға ұшыраған. Шавкат Мирзиеев мына нәрселерге наразылық білдірген:

- Ташкенттің бас жоспары әлі бекітілмеуі;
- Өз бетінше салынған нысандар саны 250-ден асуы;
- Құрылысқа рұқсат беру кезінде қолданыстағы инфрақұрылымға жүктеме дәл есептелмеуі;
- Базарларда азық-түлік қатып қалуына және бағаның өсуіне жол бермеу бойынша шаралар қабылданбауы.

Агенттік мәліметінше, мұның бәрі Артықходжаевтың отставкаға кетуіне және үш ауданның: Юнусабад (Бахадыр Абдувалиев), Мирзо-Ұлықбек (Шавкатбек Иргашев), Учтепинский (Фарход Абдуллаев) әкімдерінің қызметінен босатылуына әкеп соққан. Үшеуі де әкім міндетін атқарушы болып төмендетілді.

Ташкент әкімінің міндетін атқарушы болып Артықходжаевтың бірінші орынбасары болып жұмыс істеген Бахтиер Рахмонов тағайындалды. Сонымен қатар, "Жылу электр станциялары" Акционерлік қоғамының төрағасы Фарход Абдурахмонов та өз қызметінен айырылды.

Бас прокуратура мен мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне (МБҚ) осы шенеуніктердің қызметін тексеру тапсырылған.

Сонымен қатар, Өзбекстан энергетика министрінің орынбасары Шерзод Ходжаев қызметінен босатылды. Ходжаевтан бөлек, "Өңірлік электр желілері", "Өзтрансгаз" және "Өзбекнефтегаз" компанияларының басшылары қызметінен айырылды. Оларға осы компаниялардың міндетін атқарушы ретінде үш айлық сынақ мерзімі берілген.

Айта кетейік, Өзбекстанда кейінгі күндері минус 20 градусқа дейін аяз байқалған. Ташкентте электр қуаты, жылыту және газбен жабдықтау желілері істен шыққан. Тұрғындар сыртқа шығып, от жағып, тамақ пісіре бастаған. Қалада жедел жылыту пункттері ашылған.