Өзбекстандық дәрігерлер сиам егіздерін сәтті ажыратты

0
723

Өзбек дәрігерлері Қырғызстандық сиам егіздеріне операция жасап, сәтті ажыратты.


Өзбекстандық дәрігерлер сиам егіздерін сәтті ажыратты

ERNUR.KZ. Ташкентте сиам егіздерін ажырату операциясы сәтті өтті. Мамандар балалардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Қыздар жақын арада емделіп шығады, деп жазады zakon.kz.

Өзбекстандық дәрігерлер сиам егіздерін сәтті ажыратты, деп хабарлайды Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Сегіз айлық қыздар Фотима мен Зухра Қырғызстанда дүниеге келіп, сонда тұрады. Олардың сиам егіздер екені жүктіліктің 28-ші аптасында белгілі болды. Болашақ ана дереу Оштан Бішкекке жөнелтіліп, бір аптадан кейін балалары кесарь тілігі арқылы дүниеге келген.

Туған кездегі егіздердің жалпы салмағы 1600 грамм болды. Олар құрсақ қуысы арқылы қосылған, яғни бауыры ортақ болды. Бірақ өт қабы бөлек қалыптасып, өз қызметін еш қиындықсыз орындады.

Егіздердің дүниеге келгеніне он күн өткен соң, перзентханадан шығарып, ата-аналарына балалардың тірі қалуға мүмкіндігі жоқ екенін айтқан. Алайда ата-ана үмітін үзбей Өзбекстандағы Республикалық перинаталдық орталықтың неонаталдық хирургия бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бахтиёр Эргашевке телефон арқылы хабарласады.

"Біз барлығымыз операцияның деңгейін, оның маңызды факторларын сезіндік. Әртүрлі әдебиеттерді оқып, зерделеп, халықаралық деңгейде жүргізілген операциялардың бейнематериалдарын талдағаннан кейін барлық жауапкершілікті өз мойнымызға алып, жұмысқа кірісуді шештік. Балалардың ата-аналарына мән-жайды түсіндіріп, қаласа басқа елге апарып операция өткізуге болатынын айттық. Бірақ олар бізге толық сенетіндіктерін айтты. Осы сенім де бізге күш берді.", - дейді Бахтиёр Ергашев.

Қазан айында балалар Ташкентке әкелінді. Операция 19 желтоқсанда жүргізілді. Оның алдында бірнеше кеңестер, операцияның репетициясы, қажетті жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдықтар дайындалды.

Операция үш сағатқа созылды. Дәрігерлер УДЗ және аргон скальпельі, сондай-ақ заманауи гемостатикалық материал сияқты технологияларды қан жоғалтуды болдырмас үшін пайдаланды.

Бөлінгеннен кейін әрбір егізге неонатологтардың жеке тобы ота жасады.

Өзбекстанның денсаулық сақтау министрі Амрилло Иноятов сиам егіздерін ажырату операциясына қатысқан мамандарға «Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгілері мен дипломдарын табыс етті.