Президент: Милицияда қыздың өліміне жол бергендер қатаң жазалансын

0
1 242

Қыздың туыстары оның қазасына милиция қызметкерлерін де айыптап, оларды жауапқа тартуды талап еткен. Ішкі істер органы "кісі өлтіру" бабы бойынша, прокуратура – "қызмет міндетіне салғырттық таныту" бабы бойынша істер қозғаған.


Президент: Милицияда қыздың өліміне жол бергендер қатаң жазалансын

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков милиция бөлімінде мерт болған 20 жастағы Бурулай Турдаалықызының өліміне жол бергендерді аяусыз жазалауды талап етті. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, президент бұл туралы 4 маусым күні премьер-министр Мұхаммедкалый Абылғазиевпен кездеуінде айтты.

"Милицияның мұндай шалалығы, жауапсыздығы және кәсіпқой еместігі елдің наразылығын тудырып жатыр. Қыздың өліміне айыптылардың барлығын қызметінен алудан бастап қылмыстық жауапқа тартуға дейін қатал жазалап, шара қолдануды талап етемін" деді Жээнбеков.

Мамырдың 27-і күні Шу облысында 20 жастағы Бурулай Турдаалы қызын "алып қашып" бара жатқанда ұсталған "күйеу жігіттің" Жайыл аудандық ішкі істер мекемесінің қабылдау бөлімінде бойжеткенді пышақтап өлтіргені хабарланған. Жігіт қызды пышақтаған соң өз денесін де жаралап, кейін аурухананың жансақтау бөліміне түскен.

Қыздың туыстары оның қазасына милиция қызметкерлерін де айыптап, оларды жауапқа тартуды талап еткен. Ішкі істер органы "кісі өлтіру" бабы бойынша, прокуратура – "қызмет міндетіне салғырттық таныту" бабы бойынша істер қозғаған.

Мамырдың 31-і күні Қырғызстан Жогорку Кеңеші депутаты Айсулуу Мамашова қыз ұрлау мәселесін парламентте көтеріп, ол жайында тіс жармайтын немесе оны елеусіз қалдыратын "ерлердің жауапсыздығы – жалпыұлттық проблемаға айналып отыр" деп мәлімдеген.