"Путинді Кремльден қумақ болған" саха бақсысы жоғалып кетті

0
1 037

Бұл туралы бақсыны білетін таныстары хабарлады.


ERNUR.KZ. "Путинді Кремльден қумақ болып" Мәскеуге қарай жолға шыққан саха бақсысы Александр Габышев 19 қыркүйекте жоғалып кетті, деп жазады Азаттық.

Бақсы таныстарының айтуынша, 19 қыркүйекке қараған түні Иркутск облысындағы Выдрино лагеріне бірнеше көлік келген. Маска киіп, қолына автомат пен резеңке таяқ ұстаған адамдар бақсыны қоршап алып, жерге жатқызып тексерген. Осыдан соң көлікке сүйреп апарып, отырғызып, белгісіз жаққа алып кеткен.

"Трассаны арнайы жасақ өкілдері қарумен қоршап алды" деді оқиға куәгерлерінің бірі.

Куәгерлердің бірінің айтуынша, маска кигендердің ешқайсысы аты-жөндерін айтпаған, төлқұжаттарын да көрсетпеген. Олардың қолында қару, фонарь болған. Куәгерлердің сөзіне қарағанда олардың саны қырыққа жуықтайды. Жолды жауып, байланысты өшірген белгісіз адамдар өздеріне сұрақ қойып, түсіндіруді талап еткендерді жерге жатқызып, тырп еткізбей ұстаған.

Әзірге Габышевтің қайда екені белгісіз. Жақтастары оны Улан-Удэге алып кеткен деп болжайды.

Оқиға куәгерлерінің бірінің сөзіне сүйенген znak.com сайтының жазуынша, бақсыны полиция ұстап, оның үстінен "экстремистік қауымдастық ұйымдастыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған болуы мүмкін.

Құқық қорғау органдарындағы құпия дерек көзіне сүйенген журналист Борис Ветров та бақсының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын жазады. Оның айтуынша, Габышевке психиатриялық сараптама да тағайындалған.

Ішкі істер министрлігінің аймақтық бөлімшесі бақсының ұсталуына байланысты түсініктеме бермеді. Бурятия полициясы басында "оның ұсталуына" еш қатысы жоғын айтқан еді, кейінірек 1958 жылы туған ер адамды ұстағанын растады. "Сибирь.Реалии" жазуынша, полиция Александр Габышевті айтып отыр. Ведомство дерегінше, "Саха республикасы аумағында қылмыс жасағаны үшін оған іздеу жарияланған".

Саха бақсысы Александр Габышев төрт айдан бері Қиыр Шығыстан Мәскеуге қарай жол жүріп келеді. Оның пікірінше, "Ресей президенті қара күштерден пайда болған және онымен тек бақсы ғана күресе алады". Осыған дейін 2 000 шақырымға жуық жер жүрген Габышев жолшыбай жүздеген жүргізушімен сөйлесіп, оның үгіт-насихаты видеосы интернетте миллион рет көрілген.