Ресейде Instagram орнына жаңа желі іске қосылады

0
573

​"Россграм" деп аталатын әлеуметтік желіге алдымен танымал блогерлер мен серіктестер (демеушілер мен инвесторлар) тіркеледі. Қарапайым қолданушылар үшін ол 2022 жылдың сәуірінде қолжетімді болады.


Ресейде Instagram орнына жаңа желі іске қосылады

ERNUR.KZ. Ресейде "Россграм" деп аталатын жаңа әлеуметтік желі пайда болады. Ол Ресей Федерациясында бұғатталған Instagram-ның баламасына айналуға тиісті. Оны әзірлеушілер желінің қызметі қандай болатыны туралы жобаның "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парақшасында айтып берді, деп жазады sputnik.kz.

Жаңа әлеуметтік желіні құрып жатқандар – кәсіпкерлер Кирилл Филимонов пен Александр Зобов. Кейбір ресейлік БАҚ Зобов "ВКонтакте" мен Telegram-ды ойлап тапқан Павел Дуровпен бір курста оқыған деп жазды.
Желіні әзірлеушілердің айтуынша, "Россграмда" барлық қалыпты функция сақталады, Android пен iOS-қа арналған мобильді қосымша әзірленеді, сондай-ақ монетизация, яғни контенттің ақылы болуын қарастыру, қаражат жинау функциясы, рефералды бағдарлама сынды қосымша мүмкіндіктер пайда болады.
"Бұл желіге алдымен танымал блогерлер мен серіктестер (демеушілер мен инвесторлар) тіркеледі. Қарапайым қолданушылар үшін ол 2022 жылдың сәуірінде қолжетімді болады", - деп жазылған жоба парақшасында.
Алдын ала мәлімет бойынша, "Россграм" 28 наурызда іске қосылады. Сәуірде әлеуметтік желі барлық пайдаланушы үшін қолжетімді болады.
Еске салсақ, 14 наурызда Роскомнадзор Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының талабы бойынша ел аумағында Instagram желісін қолдануды шектеді.