Тәуелсіздіктің 28 жылдығына орай Жапониядағы қазақстандықтар 28 шақырымды жаяу жүріп өтті

0
796

Акцияны еліміздің Токиодағы елшілігі ұйымдастырды.


Тәуелсіздіктің 28 жылдығына орай Жапониядағы қазақстандықтар 28 шақырымды жаяу жүріп өтті

ERNUR.KZ. Қазақстан Тәуелсіздігінің жиырма сегіз жылдығына орай жиырма сегіз шақырым қашықтықты Жапонияда тұратын қазақстандықтар және Жапония үкіметі мен ірі компаниялардың өкілдері жаяу жүріп өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Акцияны еліміздің Токиодағы елшілігі ұйымдастырды. Қатысушылар маршты Ханеда халықаралық әуежайы маңындағы саябақтан бастады. Сөйтіп Токио Фучу ауданындағы мәре сызығына бес жарым сағат дегенде жетті. Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған осы шарада жапондықтар серуендеп қана қоймай, республикамыздың мемлекеттік әнұранын қазақ тілінде орындады. Жапониядағы елшілігіміздің қызметкерлері шеруді екінші мәрте өткізіп отыр. Былтыр дипломаттар Йокогамадан Токиоға дейін жиырма жеті шақырымды жаяу жүріп өткен еді.

– Биылғы акцияның ерекшелігі – Жапонияның мемлекеттік қызметкерлері, іскер және академиялық топ өкілдері демалыс күні уақыттарын бөліп, жаяу шеруге қатысып, бізге қолдау көрсетіп жатыр. Бұл іс-шара отандастарымыз бен қандастарымыз үшін де Токиода бас қосуға және шетелде жүріп Тәуелсіздік күнін осылайша атап өтуге жақсы себеп болып табылады, - дейді ҚР Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев.

– Барша қазақстандықтарды келе жатқан мерекемен құттықтаймын. Мен үш жыл Қазақстанда Жапония елшілігінде жұмыс істедім. Нұр-Сұлтан қаласын, қонақжай қазақ халқын жиі еске аламын, - деді экономика, сауда және индустрия министрлігінің департамент басшысы Такаюки Ниикура.

– Барша қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 28 жылдығымен құттықтаймын. Мен Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға жауапты Жапония Сыртқы істер министрлігінің қызметкерімін. Бүгін елшілік қызметкерлерімен бірге 28 шақырымды жаяу жүріп өттім. Осындай акцияға қатысқаныма қуаныштымын, - дейді Жапония сыртқы істер министрлігінің өкілі Котоми Тада.