Үндістанда сиыр құқын қорғайтын жаңа заңды бұзған алғашқы адам қамауға алынды

0
2 749

Ол үш жылға сотталып, бірнеше мың доллар мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін.


Үндістанда сиыр құқын қорғайтын жаңа заңды бұзған алғашқы адам қамауға алынды

ERNUR.KZ. Ол 3 жыл бас бостандығынан айырылады немесе қомақты айыппұл төлеуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған тағылған айып қандай? Жүргізуші өз жүк көлігімен ірі қара малды тасымалдаған екен. Үнділер дінінде сиыр қасиетті жануар саналады. Белсенділер «көлік жүргізуші сиырларды қорлады» деп санап, оны таяққа жыққан. Қатты жарақаттанған ол ауруханада жатыр. Бірақ жазылғаннан кейін сот алдында жауап беруі тиіс. 2020 жылдың ортасында қабылданған заңға халықтың біразы қарсылық танытқан еді. Онсыз да үнділер дінінде қасиетті саналатын сиырлар талай жанжал тудырды. Соңғы 4 жылда сиырды сойған 30-дай мұсылман қаза тапты. Үкімет бұл заң осындай қақтығыстарды болдырмайды деп үміттенді. Алайда адам құқықтарын қорғаушылардан бөлек, аталған заңға фермерлер де қарсы шықты.


- Енді ауыл шаруашылығымен айналысуға қорқып, зор шығынға батып отырмын. Мен малды азапқа салмаймын, сиырларымды жақсы күтемін, тек сүтін ғана сауамын. Бірақ менімен араздасқан біреу маған жала жапса, бірден қамауға алады. Өз штатымызда біз наразылық шараларын өткіздік, өйткені дінге де дұрыс ақылмен қарау керек, - деді фермер Камыльит Эдатодика.


Заң бойынша алғашқы болып Карнатака штатының тұрғынына айып тағылды. Қоғам белсенділері ол сиырларды қауіпсіздік шараларын сақтамай тасымалдаған деп санаған. Жұрт полицияны күтпей, оны таяққа жықты. Қазір ол ауруханада жатыр. Кейін үш жылға сотталып, бірнеше мың доллар мөлшерінде айыппұл төлеуі мүмкін.


- Жаңа заң тәрбиеге жақсы салады деп санаймыз. Бірінші рет ұсталса, бірнеше жыл тұрмеде отырып, 7 мың долларға дейін айыппұл төлейді. Ал қылмысын қайталаса, жеті жылға бостандығынан айырылып, 13 мың доллар төлейді, - дейді Жануарларды қорғау қозғалысының белсендісі Фарух Тапа.


Жергілікті билік дауға ұласқан іс бойынша түсінік берген жоқ. Штат полициясы күшті асыра қолданған белсенділердің әрекетіне де құқық тұрғысынан баға беретінін мәлімдеді. Алайда билік бұл заңды өзгертпейтінін мәлімдеді.