Жапонияда құс тұмауы өршіп жатыр

0
508

Жапонияда биылғы маусымда құс тұмауынан қырылған құстардың саны 10 миллионнан асты.


Жапонияда құс тұмауы өршіп жатыр

ERNUR.KZ. Жапонияның Миядзаки префектурасында құс тұмауының жаңа ошағы тіркеліп, 100 мыңға жуық тауықты жою басталды, деп жазады zakon.kz.

Каваминами қаласындағы жұмыртқа фермасының қызметкерлері өлі тауықтарды байқаған. Олар қандай да бір ауру бар деп, бірден күдіктенген. Генетикалық талдау құс тұмауының жоғары патогенді штаммының барын растады. Бұл туралы РИА Новости жазды.

Ауру ошағы табылды. Сол шаруашылықтың айналасында үш шақырым жерге тауық пен жұмыртқаны тасымалдауға карантин енгізілді. Тауық пен жұмыртқаларды 10 шақырымдық аймақтан тыс жерлерге шығаруға да тыйым салынды.

Мамандар мұны қыркүйек айының соңында басталған қоныс аударатын құстардың әдеттегіден ерте келуімен және вирустың түрлі аймақта таралуымен байланыстырады. Құс тұмауы Жапонияда тауық жұмыртқасының бағасы кейінгі 29 жылдағы ең жоғары деңгейге көтерілуінің себептерінің біріне айналды.

Кейінгі індетті ескерсек, Жапонияда биылғы маусымда құс тұмауынан қырылған құстардың саны 10 миллионнан асты. Бұл - қазіргі уақытта антирекорд. Құс тұмауы салдарынан құс шаруашылығына ең үлкен зиян келді. Алдындағы маусымда 2020 жылдың қарашасынан 2021 жылдың наурыз айының соңына дейін 9,87 миллион тауық қырылды, 18 префектурада 52 ауру ошағы болды.