Белгісіз кәсіпкер көп балалы анаға үш бөлмелі пәтер сыйлады

0
1 386

Астаналық кәсіпкер пәтер жалдап тұратын жалғыз басты көп балалы анаға пәтер кілтін табыс етті.


Белгісіз кәсіпкер көп балалы анаға үш бөлмелі пәтер сыйлады

ERNUR.KZ Белгісіз кәсіпкер қала шетінде бөлме жалдап тұратын көпбалалы ана Жанар Узденбаеваға 3 бөлмелі пәтер сыйлады. Бір отбасыға қуаныш сыйлаған жомарт жан атының жасырын болғанын қалаған. Бұл туралы жаңа тұрғын үйлердің бірінің Instagram желісіндегі парақшасында жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz сайты.

Компания қызметкерлерінің айтуынша, мұның алдында шағын және орта бизнесі бар кәсіпкер қымбат көлік сатып алғалы жүрген. Бірақ, Астанадағы өрт шыққан оқиғадан кейін люкс автосалоннан жиналған 17 миллион теңгесін қайтарып алып, оларды құрылыс компаниясының сату бөліміне алып келген. "Бұл сома 3 бөлмелі пәтерге жетпейтіндіктен, компания үстіне 7 миллион теңге қосып, Узденбаевтар көктемде дайын тұрғын үйге көше алу үшін жөндеу жұмыстарын да мойнына алды", - деп нақтылады компания өкілдері.⠀ "Бұл жаңалықты хабарлағанда сенбедім. Түс деп ойладым. Ал сату бөліміне апарғанда (...), қуанышымда шек болмады. Бәрінен қыздарым бақытты. Енді олар армандағандай өз бөлмесіне қол жеткізеді. Барлығына көп рахмет", - дейді Жанар Узденбаева көз жасына ерік беріп. Айта кеткен жөн, әйел жалғыз өзі алты бала тәрбиелеп отыр. Күйеуі 2015 жылы Жанар ең кіші баласына жүкті болғанда қайтыс болған. Осыдан кейін ол 85 мың теңгеге 1 бөлмелі тұрғын үй жалдап тұрған. Пәтерақының бір бөлігін төлеуге бауырлары көмектескен. Жалғыз басты ананың тұрақты жұмысы жоқ, себебі ең кенжесі небәрі 3 жаста. Ол ай сайын балалары үшін 78 000 және 28 000 теңге әлеуметтік көмек алады. Бірақ бұл да жетпейді, - дейді "Күміс алқа" медалінің иегері, - себебі қаражаттың көбі бір баланың көру қабілетін түзетуге және екіншісінің сөйлеуін дамытуға жұмсалады. Әкесі қайтыс болғаннан кейін бала сөйлемей қалған", - делінген жарияланымда.