Білім беру саласында ең көп жалақыны кім алады?

0
3 895

2020 жылдың төртінші тоқсанында білім беру саласында 1,1 млн адам жұмыс істеген. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 0,3%-ға аз. Ranking.kz Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйеніп, білім беру саласындағы жұмыспен қамту мен жалақы көрсеткішін жариялады. Ондағы мәлімет бойынша, білім беру саласында ең көп жалақы алатындар Нұр-Сұлтанда тіркелді, ал ең азын алатындар Түркістан облысында болып шықты.


Білім беру саласында ең көп жалақыны кім алады?

Фото: aikyn.kz.

ERNUR.KZ. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, өткен жылы білім беру саласында жұмыс істегендер саны бойынша Нұр-Сұлтан көш бастап тұр. Онда білім беру саласындағы жұмыспен қамту 5,1%-ға (51,2 мың адам) өскен. Басқа өңірлермен салыстырғанда Алматы және Қостанай облыстарында аталған салада көп адам жұмыс істейді. Ал Шығыс Қазақстан облысында жұмыспен қамтылғандар саны 8,6%-ға (68,4 мың адам) қысқарған, деп жазады aikyn.kz.

Қазақстанда төртінші тоқсанда білім беру саласы қызметкерінің орташа айлық жалақысы 176,5 мың теңге болды. Бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 25,9%-ға артық.

Бұл салада ең аз жалақыны мектепке дейінгі білім беру қызметкерлері алады (92,5 мың тг). Ең көп жалақыны жоғары білім беру саласындағы қызметкерлер алады (241,7 мың тг).


Фото: aikyn.kz.


Білім және ғылым министрінің мәліметінше, министрлікке қарасты ЖОО-ларда 2019 жылы педагогтардың жалақысы 20%-ға көтерілсе, 2020 жылы тағы 20%-ға көтерілді.

«Әлі де біз бұл жұмысты жалғастыруымыз қажет. Шын мәнінде, ЖОО оқытушыларының жалақысы өте төмен және мектептер мен колледждердегі жалақымен салыстырғанда бәсекеге қабілетті емес, сондықтан ректорларға бұл жұмысты жалғастыруға қатысты міндет қойылды»,– деді Асхат Аймағамбетов БҒМ-ның кеңейтілген алқа отырысында.

Қазақстанда 2020 жылдың төртінші тоқсанында бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 233,1 мың теңге болды. Демек білім беру саласындағы жалақы елдегі жалпы орташа жалақыдан 56,7 мың теңгеге аз.
Өңірлер бойынша білім беру саласындағы ең көп жалақыны Нұр-Сұлтан қызметкерлері алады (297,8 мың тг). Содан кейін Алматы және Қарағанды облысы тұр. Ал ең аз жалақыны Түркістан облысындағылар алады (152,8 мың тг).


Фото: aikyn.kz

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы педагогтардың жалақысын 2 есеге дейін өсіруді тапсырды