Елорда күніндегі отшашуға белгісіз 3 демеуші 25 миллион теңге бөлген

0
1 005

Атышулы отшашуға демеуші болған кімдер?


Елорда күніндегі отшашуға белгісіз 3 демеуші 25 миллион теңге бөлген

6 шілдеде – Астана күніне орай елорда әкімдігі қаланың үш жерінде отшашу жасағанын қоғам қатты сынаған еді. Пандемия өтінде, коронавирус және ковидтік пневмония өршіген (дәрі-дәрмек, дәрігерлер, ауруханада орын жетіспей, қазанама көбейген) тұста экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жас мерейтойымен қатар Астана күні де тойланбай қоймады.

Онлайн форматта көңіл көтеруге арналған іс-шаралар өткізілген. Бұл қоғам тарапынан өткір сынға ұшырағаны белгілі. Атышулы отшашуға кім қанша қаражатпен қолдау көрсеткен? Әлеуметтік желілерде фейерверкке қарсы наразылық көңіл-күй артқаннан кейін де 7 шілде елорда әкімі өткізген Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингінде тілшілердің сұрағы қойылмай қалған.

Сол күні қаланың мәдениет басқармасы Instagram желісіндегі ресми парақшасында «Астана күніне отшашу жыл басында жоспарланған болатын, демеушілер материалдар сатып алып, орындарды анықтады. Бұл фейерверк қала тұрғындарының көңіл-күйін көтеруге, коронавируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерін қолдауға арналған» деген жауап мәніндегі жазба жариялаған.

Арада екі жарым апта өткен соң билік пен оның өкілдерінің әрекетіне түсіндірме жүргізетін әдетімен танылған Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев өзінің Facebook парақшасында отшашу жөнінде «Қиын жағдайда адамдардың рухын көтермек болдық. Бірақ, бұл дәрінің аурудан да жаман болатынындай әсер қалдырды» деп жазды.

Дегенмен, экс-министрдің пікірі қазір қолжетімсіз болып тұр. Астананың мәдениет басқармасы редакция сұрағына былай жауап берді: «2020 жылдың 6 шілдесінде өткізілген отшашулардың демеушілері – жеке бизнестің өкілдері. Өздерін жария қылмау құқығын ескергендіктен, есімдері мен демеушілік көмек мөлшері аталмайды. Демеушілер – астаналық бизнес өкілдері».

Ал қала әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі Ақмарал Олжабаеваның айтуынша, 6 шілде күнгі отшашуға бюджеттен бір тиын да жұмсалмаған, тек 3 демеуші жалпы жиыны 25 миллион теңге қаржы бөлген. Осылайша, «жаназадағы жынойнақ» аталып кеткен атышулы отшашудың шығынына 600-ге тарта табысынан айырылған астаналыққа 42500 теңге жәрдемақы беруге болады.

Демеушілер атын атамауының себебі, «белгісіз қалғысы келеді» екен. Мұндай шын мұқтажға қол ұшын созғанда, жуан жомарттық жасағанда болушы еді. Редакцияның «астана әкімдігі «тұрғындардың көңіл-күйін көтеруге, коронавируспен күресте алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерін қолдауға» арналған отшашуды қоғам наразылығынан кейін қате шешім болды деп санай ма?» деген сауалына: «Әкімдік коронавируспен күресуде алдыңғы қатарда тұрған медицина қызметкерлерін қолдау және азаматтардың рухын көтеру мақсатында Нұр-Сұлтан қаласындағы отшашулар өткізілді деген ұстанымды ұстанады», – деп жауап берді.

Экс-министр Абаев «отты дәрінің» аурудан ауыр екенін мойындаса, астана өз әрекетін қате санамайды. Қоғамның көп бөлігі «орынсыз той» деп есептейтін, мереке мен мерейтой тоғысқан күнгі отшашуға атсалысқан демеушілердің шын аты туған күн иесіне ғана мәлім болса керек.

Дереккөз: The Qazaq Times