Карантин: Тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда қайда жүгінуге болады

0
1 134

Елде еңгізілген төтенше жағдай мен карантин кезінде әйелдер отбасында қатыгез қарым-қатынасқа ұшырауы мүмкін.


Карантин: Тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда қайда жүгінуге болады

ERNUR.KZ. Елдегі төтенше жағдай кезінде отбасында зорлық-зомбылық болған жағдайда қайда жүгінуге болады. Толық мәлімет ҚР Президенті жанындағы Əйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия Халықты қоныстандыру саласындағы БҰҰ қорымен бірігіп дайындаған жадынамада айтылған, деп жазады ҚазАқпарат.

Елде еңгізілген төтенше жағдай мен карантин кезінде әйелдер отбасында қатыгез қарым-қатынасқа ұшырауы мүмкін. БҰҰ мәліметтері бойынша, көптеген мемлекетте коронавирус індетіне байланысты карантин шаралары еңгізілгеннен кейін үйдегі зорлық-зомбылықтың көбеюі байқалуда.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгортимі» аталатын жадынамада келесідей кеңестер берілген:

1. Зорлық-зомбылық туралы ауызша арызбен 102 нөмірі бойынша дереу полицияға хабарласыңыз. Немесе qamqor.gov.kz порталы арқылы онлайн-арыз беріңіз. Құқық бұзушыға шара қолдану үшін полиция қызметкерлерінің тұрмыстық зорлық-зомбылық жасалған жерге келулерін талап етуге құқылысыз.

2. Жарақат алған жағдайда «103» нөмірі бойынша жедел жәрдем шақырыңыз. Полиция қызметкерінен сот-медициналық куәландыруға жолдама алыңыз.

3. Балаларға, жастарға және зорлық- зомбылық көріп отырған адамдарға арналған тәулік бойғы ұлттық бірыңғай сенім телефондарына (тегін): 150 немесе +77081060810 нөміріне (WhatsApp) немесе www.telefon150.kz сайтына хабарласыңыз. Ол жерде сізге психологиялық және құқықтық көмек көрсетіп, учаскелік инспекторлардың, дағдарыс орталықтарының және басқа да қажетті ұйымдардың байланыс телефондарын береді. Хабарласқан адам туралы мәліметтердің құпиялылығына кепілдік беріледі.

4. Барлық өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары жұмыс істейді. Өміріңіз бен денсаулығыңызға қауіп төнген жағдайда осы орталықтардан баспана сұрай аласыз.

5. Әр аймақта Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиялар жұмыс істейді. Ол жерде сізге кеңес беріп, қажетті қолдау көрсетіледі.