Кімдерге вакцина салдыруға болмайды - маман жауабы

0
5 811

Қазақстандық дәрігер коронавирусқа қарсы вакцинацияға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.


Кімдерге вакцина салдыруға болмайды - маман жауабы

Коронавирус пандемиясы дендеп келе жатыр. Үкімет қазақстандықтарды вакцина салуға шақыруда. Дегенмен қарапайым халықтың көкейінде сан-сауал туындайды. Бірі ойланбастан екпе салғызса, екіншісін күмән бойлайды. Осы орайда қазақстандық дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Ботагөз Қаукенова (Ботагоз Каукенова) Instagram-дағы парақшасында коронавирусқа қарсы вакцинацияға қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді.

1. Вакцина салдыру қажет пе?

Иә. Салдыру қажет.

2. Не үшін вакцина еккізу керек?

Қоғам арасында вирустың таралуын төмендету мақсатында, сонымен қатар өзін-өзі және вакцина салдыра алмайтындарды індеттен қорғау үшін, пандемия ертерек аяқталуы үшін екпе еккізу керек.

3. Қазір Қазақстанда қандай вакциналар қолданылып жатыр?

Қазіргі кезде «Спутник V» вакцинасы ғана қолжетімді.

4. Салынатын вакцинаны таңдап алуға бола ма?

Қазір елімізде тек «Спутник V» вакцинасы бар болғандықтан, таңдайтындай көп ассортимент жоқ. Болашақта елде бірнеше вакцина қолданыла бастаған кезде таңдауға болады. Алайда бұл ретте әр клиникаға вакцина қандай принциппен таратылатыны түсініксіз. Сондай-ақ екпе егу кабинетіне келген кезде сізге «қалағаныңды таңда» деп айтуы екіталай. Мен сізге қолжетімді болып тұрған бірінші вакцинаны салдыруға кеңес беремін.

5. Вакцинаны сатып алуға бола ма?

Қазір мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. «Қара» нарықта қандай да бір «вакцина» пайда болыпты-мыс дегенге ұқсас оқиғалар көп болды. Менің пайымдауымша, осы жағдайды ескере отырып, қазір барлығы мемлекеттің бақылауымен өткізіліп жатыр.

6. Екпе салғызғысы келген барша адам қашан вакцинациялана алады?

Әзірге сәуірдің ортасында деп айтып жатыр. Кейбір емхана қазірден салуды бастап кетті. Ол үшін мекемеге тікелей хабарласу керек.

7. Кімге екпе алуға болмайды?

Бұрын анафилаксиялық шокты бастан кешірген, вакцина құрамындағы заттарға аллергиясы бар адамдарға екпе салынбайды. Сонымен қатар қазір ауырып жүрсеңіз немесе созылмалы ауруларыңыз асқынып кеткен жағдайда вакцина салдыруға болмайды. Бұдан бөлек әзірге балаларға, жүкті әйелдерге және емізулі әйелдерге екпе жасалмайды.

8. Ал егер менде аллергия бар немесе жоқ екенін білмесем ше?

Сол үшін вакцинациядан кейін емханада 30 минут отыра тұрыңыз деп айтады. Аллергия пайда болу мүмкіндігі өте төмен болғанымен, десе де бір жағдай бола қалған кезде сізге дер кезінде көмек көрсетіледі.

9. Жүкті әйелдерге вакцина салдыруға бола ма?

Әзірге салынбайды. Өйткені жүктілік адам үшін ерекше жағдай болғандықтан, екпе салуға рұқсат беру үшін әлі де зерттеулер жүргізілуі керек. Өздеріңізге мәлім, жүкті әйелдерге тәжірибе жасамақ тұғыр, қажеті болмаған жағдайда мүлдем тиіспейді.

10. Емізулі әйелдерге вакцина салдыруға бола ма?

Олар да әзірге салдыра алмайды. Бұл сұрақтың жауабы әлі зерттелу үстінде. Негізінде ана сүтінде антиденелер анықталды деген ақпарат бар. Дегенмен қауіпсіздік мақсатында әзірге екпе салынбайды.

11. Неліктен жүкті және емізулі әйелдерге вакцина салдыруға болмайды?

Жүктілік кезіне келер болсақ, вакцина салдырғаннан кейін әртүрлі жағдай орын алуы мүмкін. Егер жүкті әйел вакцина салдырып, кейіннен жағымсыз әсері болып жатса, барлығы салынған екпеден көреді. Бұл аутистикалық спектр ауруларына ұқсас жағдай. Яғни балада вакцина салдырса да, ертелі-кеш ауру білінетін еді. Алайда вакцина салынғандықтан және ол инвазиялық (ред. - ішке енгізілетін) болғандықтан кінәнің бәрі екпеге артылады. Айтқандай, жүкті әйелдер екпе салдырғаннан кейін олардың жаңадан туған балаларында антидене пайда болған.

12. Балаларға вакцина салдыруға бола ма?

Әзірге салынбайды. Логикалық тұрғыда жоғарыдағы жағдайға ұқсас. Балаларды қандай да бір зерттеулерге қатыстырған өте қиын. Себебі олар өз әрекеттері үшін жауап бере алмағандықтан, вакцина алуға да толыққанды келісім бере алмайды. Менің білуімше, Pfiser өз вакцинасын 12 жасқа дейінгі балаларда сынай бастады.

13. 65 жастан асқан адамдарға вакцина салдыруға бола ма?

Иә, болады.

14. Созылмалы ауруға шалдыққан адамдар вакцина салдыра ала ма?

Егер созылмалы ауру ағымы бақылауда болса, салдыруға болады. Ауру ағымының қандай екеніне көз жеткізу үшін алдымен дәрігерге көрінген абзал. Егер сіз аса ауыр созылмалы ауруға шалдыққан болсаңыз, вакцина нұсқаулығында «абайлап салу керек» деп жазылған. Бұл дегеніміз вакцина салдырмас бұрын сіз дәрігерге барып, вакцина салдырғыңыз келетінін айтып, тексерілесіз.

15. Мен аутоиммундық ауруларға шалдыққан болсам, вакцина салдыра аламын ба?

Нұсқаулыққа сәйкес, иммундық жүйені басуға септесетін дәрі-дәрмектерді вакцина салдыруға дейін бір ай және вакцинациядан кейін бір ай ішпей қоя тұру қажет. Себебі олардың әсерінен вакцина иммунитет қалыптастыра алмауы мүмкін. Бұл туралы дәрігермен кеңесу қажет.

16. Вакцинациядан кейін бала көтеруге бола ма?

Иә, болады.

17. Вакцина бедеулікке ұшырата ма?

Жоқ. Бұл ескі миф. Вакциналардың тек локалды әсері бар. Бұдан бөлек олар әртүрлі механизмдер арқылы антидененің қалыптасуына септеседі. Әр вирустың өзі ене алатын белгілі бір жасушалары бар. Коронавирустың қауіптілігі осыдан – ол көптеген жасушаға оңай еніп кете алады.

18. Вакцина бірнеше жылдан кейін жағымсыз әсер етуі мүмкін бе?

Жоқ. Оның құрамындағы заттар тез ыдырайды. Ойлап көріңізші, екі күн бұрын ішкен парацетамол таблеткасы сізге екі жылдан кейін әсер етуі мүмкін бе? Тағы бір мысал. Сіз шаурмамен тамақтанған кезде оның жағымсыз әсерлері жөнінде ойлайсыз ба?

19. Вакцина менің РНҚ-ымды өзгертіп жіберуі мүмкін бе?

Жоқ. Қазір біз оны адам ағзасында оп-оңай өзгерте салатындай дәрежеге жеткен жоқпыз. Вакцина адам ағзасындағы кей жасушаларға еніп, вирустың қалай өндірілетіні жөнінде нұсқаулықты жеткізеді. Ондағы бос жасушалар вирусты зерделеп, вирустың бір бөлігін өндіреді. Кейіннен жасуша бұл нұсқаулықтың көзін жояды.

Дереккөз: baq.kz.