Көшесі көлшіктен арылмайтын Шымкентті құрылысшылар лайға батырды

0
2 705

ERNUR.KZ редакциясына тұрғындардың кезекті шағымы түсті. Онда қаладағы көлік көп жүретін күре жолдың бірі саналатын Арғынбеков көшесінің бойы балшыққа айналғаны айтылған. Тіпті, оны растайтын видеосын да қоса жіберіпті. Айтуынша, тас жолды ластап жатқан сол маңдағы құрылыстан шыққан көліктер. ERNUR.KZ әр оқырман көтерген мәселеге мұқият қарайтынын айта кетейік. Бұл жолы да тұрғыннан түскен шағымды зерттеп көрдік.


Көшесі көлшіктен арылмайтын Шымкентті құрылысшылар лайға батырды

ERNUR.KZ редакциясына тұрғындардың кезекті шағымы түсті. Онда қаладағы көлік көп жүретін күре жолдың бірі саналатын Арғынбеков көшесінің бойы балшыққа айналғаны айтылған. Тіпті, оны растайтын видеосын да қоса жіберіпті. Айтуынша, тас жолды ластап жатқан сол маңдағы құрылыстан шыққан көліктер. ERNUR.KZ әр оқырман көтерген мәселеге мұқият қарайтынын айта кетейік. Бұл жолы да тұрғыннан түскен шағымды зерттеп көрдік.

Бұл Шымкент қаласындағы құрылыс жұмыстары жүріп жатқан Арғынбеков көшесі

Көше бойында оншақты нысандардың еңсе көтергенін байқауға болады. Қала көркіне ажар қосатын мұндай ғимараттардың көбейгеніне қуанамыз. Тек... Әттеген-ай дегізетін тұстар да жоқ емес. Қазір осы құрылыс жүргізіліп отырған нысандардың маңындағы асфальт жолдар балшықтан көрінбейді. Аяқ алып жүргісіз. Осы ретте тұрғындардың наразылығын туғызған мәселеге тоқталғымыз келеді. Бізге аталмыш мәселеге қатысты қала тұрғынынан бейнетүсірілім келіп түскен болатын. Видеода біз атап өткен жағдай көрсетілген.


Қалалықтардың наразылығын тудырған көшенің бүгінгі халін білмек болып, бардық. Салынып жатқан бірінші нысан сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу орталығы. Өзін Айдын деп таныстырған жігіт (суретте оң жақта) құрылыстың прорабы екен.

Мәселені айтып, жағдайды түсіндіріп болғанда өзінің ешқандай мәлімет бере алмайтынын, мердігердің рұқсат бермегенін айтып алыстай берді. Онан соң қауіпсіздік жөніндегі қызметке жауапты маман өзін таныстырмастан бұл жерден кетуімізді талап етті.

Құрылыс нысаны мен оның барысы баяндалған төлқұжатты білдірместей етіп тығып қоймаса, еш жерден көрінбеді. Балшыққа қарамай маңайды түгел шарладық.

Алайда, нысан туралы, оның құрылысын жүргізіп жатқан мердігер туралы ешқандай ақпарат таппадық.

Бұл әрекетімізді байқаған әлгі қауіпсіздікке жауапты жігіт тағы келді. Мердігердің көп ұзамай келетінін, олардың рұқсатынсыз тіпті сотталып кетсе де ешбір мәлімет бермейтінін, мұнда барлығы құпия екендігін ескертті. Прораб емес қауіпсіздікке жауапты жігіттің мұншалықты шыж-быж болуын да сұрадық. Мердігердің келетіні жай ғана сөз болса, Айдынның жауап беруін өтіндік. Ол да келмеді, бұл жігіт «Мердігердің өзі келеді» деуден танбады. Араға жиырма минут салып, жолдың балшығы аздау жеріне көлігін тоқтатып, біз күткен мердігер компанияның өкілі де келді-ау. Таныстықтан соң, ол кісі бірден аудиожазба жасамаңыз деп шарт қойды. Сонда да бұлай жасау журналистің құқығы екенін ескерте отырып, сұрақ қойдық. Жазба жасасақ ешқандай сөйлеспейтіндігін, керек десеңіз, бұл нысанның соғылуы құпия екендігін айтып қашып кетті.

Мердігердің осы сөздерін растайтын қолымызда дәлел де бар. Осылай бұл "құпия" нысаннан кейін келесі «Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы 9 қабатты тұрғын үй құрылысының басына келдік.

Жол жиегі мен аяқжолға тас төселген «Корпорация Сити Строй» ЖШС-інің прорабы Бауыржан Ахметов мұндағы ауыр көліктер қалаға шығарда міндетті түрде арнайы қойылған бөшке суына жуылатындығын айтты.


Олар құрылысты бастар кезде көршілес мердігерлерге тас төсеу жөнінде ұсыныс тастапты. Дегенмен, олар бұл ұсынысты қабыл алмаған соң өздері құрылыс жүргізетін ғимаратқа толықтай тас төсеу керек деп шешеді.

Міне, біз көрген екі нысанды бір-бірімен салыстыруға да келмейді. Ал, сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу орталығы болатын «құпия нысанды» салып жатқан қандай мердігерлік компания екендігін біздер біле алмай қайттық. Дегенмен біздер мұны жылы жауып қоя салмақ емеспіз.

Мәселенің мәнісін енді өздеріңіз сараларсыздар, көзі қарақты оқырман!