Күйзеліске түспеу, спорт, құнарлы тағам: Вирус жұқтырмау үшін не істеу керек

0
652

Вирустар мен зиянды бактериялар иммунитеті әлсіреген, қорғаныс мүмкіндіктері төмен ағзаны қош көреді.


Күйзеліске түспеу, спорт, құнарлы тағам: Вирус жұқтырмау үшін не істеу керек

ERNUR.KZ. Астана медициналық университеті қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі, профессор Курейш Хамчиев коронавирус инфекциясын жұқтырмау үшін сақтық шаралары мен иммунитетті арттыру жолдарын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.


«Коронавируспен күрестің бірқатар тиімді әдістері белгілі. Сондықтан мұнда үрей мен дүрбелеңге жол бермеу қажет. Әрине, бұл ауру әлі зерттелмеген, зерттеу жұмыстары әлі жалғасуда. Дегенмен, болжамның оң болатынын айтқым келеді, көп жағдайда адамдар бұл сырқаттан жазылады. Тек қатар жүретін ілеспе аурулары, қан аурулары, иммундық және эндокриндік жүйесінде ауруы бар бар адамдарға қауіп төнуі мүмкін. Алайда, мұндай науқастар да емделеді, қазір де емделіп жатыр, олардың қалыпты және салауатты өмірге оралуы үшін барлығы жасалады», - деді дәрігер.


Оның айтуынша, вирустар мен зиянды бактериялар иммунитеті әлсіреген, қорғаныс мүмкіндіктері төмен ағзаны қош көреді. Сондықтан, адамдар өз иммунитетін көтеруге күш салуы тиіс.


«Кеңес ретінде мүмкіндігінше стресстік жағдайлардан аулақ болуды, үрейге салынбауды ұсынамын. Тағам рационы ақуызға, көмірсуларға және майларға толы болуы керек, ең алдымен ет өнімдері мен жұмыртқаның ағы, көкөністер мен жемістер болуы керек. Қуанышқа орай, қазіргі науқанда зімбір, лимон, алма, түрлі жидектер көп, олар біздің ағзамыздағы иммунитеттің жоғарылауына пайдалы әсер етеді. Біріншіден, уақытынан бұрын дүрбелең жасамаңыз. Екіншіден, белсенді өмір салты мен дене шынықтырудың біздің ағзамызға күш беретінін ұмытпаңыз. Медициналық тілмен айтар болсақ, дене шынықтыру көңіл-күйді көтеретін, бұлшық еттерімізді, қан айналым жүйесі мен жүрегімізді нығайтатын биологиялық белсенді заттарды, гормондарды көптеп шығарады. Үшіншіден, тұтас күн мен демалыс режимін бекіту керек. Өкінішке қарай, карантин жағдайында адамдардың көпшілігі таңнан кешке дейін теледидар мен гаджет артында отырады. Мұны стресстік жағдай деп атауға да болады, өйткені біз осы дереккөздерден көптеген жағымсыз ақпарат аламыз. Электромагниттік сәулелер ағзамызды әлсіретеді. Сондықтан жақсы ұйқы мен теледидар мен компьютерге азырақ уақыт жұмсау маңызды. Кітап оқыңыз немесе балаларыңызбен үстел ойындарын ойнаңыз», - деп кеңес береді К. Хамчиев.


Сонымен бірге, дәрігер осындай күрделі кезеңде интернетте жағымсыз деректердің көптеп таралғанын, расталмаған ақпаратқа сенбеу қажеттігін баса айтты.


«Қалыпты өмірді бұзатын кез келген фактор, ағзаға енетін кез келген агент-вирус немесе бактерия – біздің ағзамыз үшін стресс факторы болып саналады. Ағзамыз дереу жұмысқа қосылады да барлық жүйелер осы фактордан қорғануға асығады. Өмірде де сондай жағдай болады: әдеттен тыс жағдайда не істеу керектігін білмейміз. Бастапқыда абыржу мен дүрбелең пайда болады, содан кейін ғана біраз уақыттан соң, не істей алатынымызды түсініп, жоспар құра бастаймыз. Ауру белгілері байқалғанда да, үрейге салынбаңыз. Ағзаңыз бастапқыда бар күшін қорғанысқа жұмсайды да, кейінірек қалай күресу қажеттігін жолға қояды. Біраз уақыттан кейін барлық симптомдар басылуы керек. Ал егер керісінше жағдай нашарлап, дем алу қиындаса, кеуде тұсы мен буындар ауырса, дабыл қағып, жедел жәрдем қызметін шақыру керек», - деп түсіндірді К. Хамчиев.