"​Бәйдібек би" ескерткішінде гүл сататын балалардың тағдыры...

0
2 764

Бесіктен белі шықпай, бұғанасы бекімей жатып күн көріс қамымен көше кезіп, шар мен гүл сатып жүрген бүлдіршіндердің бұлай жүруі дұрыс па? Бұған кім жауап береді, ата-анасы қайда қарап жүр, балалар өздерінің не істеп жүргенін біле ме екен?


Бесіктен белі шықпай, бұғанасы бекімей жатып күн көріс қамымен көше кезіп, шар мен гүл сатып жүрген бүлдіршіндердің бұлай жүруі дұрыс па? Бұған кім жауап береді, ата-анасы қайда қарап жүр, балалар өздерінің не істеп жүргенін біле ме екен?

Қаламыздағы халық көп баратын, жастар жағы кешке қарай ағыла түсетін «Жайлаукөл» саябағынан бастап «Бәйдібек би» ескерткіші орналасқан аймақ қала көрінісін тамашалауға таптырмас жер екені белгілі. Мұнда келушілерге қызмет етіп, өз пайдасын тауып та жүрген жандар жетерлік. Солардың көбі алдынан кездескен адамға гүлі мен шарын кезектесе ұсынып, алмасына қоймай артынан жүгіріп жүретін жас жеткіншектер тобы. Жастары 8 бен 13-тен аспаған балалар сабақтарынан шыққан соң саябаққа қарай асығады. Олар қыстың бораны мен көктемнің нөсеріне қарамай қысы-жазы осы жерде жүреді. Балалардың басты міндеті - қолындағы көп шарды қалай да болмасын өткізіп, ақшасын алу. Олар ата-анасына көмектесу үшін де бұл жерге гүл сатуға шығады екен. Көбісінің ата-анасы жұмыссыз, не әкесіз өскен көпбалалы отбасында тәрбиеленген балалар екен. Бәрі де қазақ балалары, бір де бір өзге ұлт өкілі жоқ, жаның ашиды.

Балалы үйдің ұрлығы жатпас дегендей бір-екеуін сөзге тартып едік, ағынан жарылып бәрін айтып берді. Б. есімді 11 жасар жеткіншек:

« Менің әкем мен анам жұмыссыз, үйде үлкенімін. Менен кейін тағы 3 бауырым бар, бәріне тамақ, киім керек сол үшін ата-анама осылай көмектесемін. Тапқан табысымды анама апарып беремін, ол қуанып қалады. Әкем болса менің бұл ісім үшін ұялады, ал оның жұмыс істемегені үшін мен ұяламын...», -дейді.

Ал, 8 жасар З. есімді қыз:

«Менің әкем жоқ, анам Алматыда жұмыс жасайды. Мен мұнда апаммен бірге тұрамын, апам көп ауырып қалады, оған көмектесу үшін осы жерге келіп шар сатамын. Шарды көп сатқым келеді, сонда маған да көп ақша береді», - деп бала көңілі жібіп сала берді.

Айналасына 8 баланы топтастырған апаның айтуы бойынша: Балалар бұл жерге гүл сату үшін өздері сұранып келген, бәрінің де ата-анасы біледі, ақша тауып жатса, оған кім қой десін, - дейді. Олар саябақ ішінде түнгі 22-00-ге дейін шарларын сатады, сосын бәріміз бұл жерден кетеді. Бұл ол кісінің жеке кәсібі көрінеді, ЖК ашып, осы жерге салық төлеп отырады екен.

Балалар шарды апасынан 100-ден алып 200 теңгеден сатады. Ал ол шарлардың базардағы бағасы әр данасына есептегенде 20 теңгеден келеді екен, көтерме бағамен одан да арзанға түсері белгілі. Бар болғаны сол шарды үрлеп, астына 5 теңгенің таяқшасын қыстырып сатса болғаны. Балалар кем дегенде күніне 20 шар, ал көп дегенде 50 шарға дейін сатады екен. Енді есептей беріңіз, кімге қанша пайда келерін?

Балалардың әркімнің артынан жүгіріп, бір шарды алу үшін соншалықты жалынып жүруі қаншалықты дұрыс? Қол ұстасқан қыз-жігітке үздігіп келіп гүл мен шарып қосақтап ұсынуы, «алмаймын» деген жауапқа қоя салмай, жігітке: «Сіз жігіт емессіз бе? Қызыңызға бір гүл сыйлай алмасаңыз онда несіне жігітсіз?» деп жауап беріп, «Көктемдей құлпырған қыздарға гүл сыйламау күнә ғой» деген сынды жағымпаздануды 10 жастағы бала қайдан біледі? Бұл олардың тәрбиесіне кері әсерін тигізбей ме осы? Қазірден бұның бәрін естіп-көріп өскен бала есті ұрпақ бола ала ма?

Күн көзі көрінгенмен, қыс аязы азынап тұрған шақта үстіндегі желең киіммен жүріп, қолында не қолғабы жоқ балалардың құшағында толған шар мен бумаланған гүл, қолдары тоңып қалтырап, гүл мен шарды бір қолынан екінші қолына кезек-кезек ауыстырып жүр. «Жүгірсек жылынамыз» деп өз-өздерін жұбатып, алыстан көрінген адамға қарай шарларын құшақтай жүгіріп барады. Бұл балалардың денсаулығы үшін зиян емес пе? Ақша табамын деп бар денсаулығын далада жоғалтып алмай ма? Ата-анасы ол үшін неге алаңдамайды?

Бұлармен жасты көп бала әлі күнге дейін өз қолымен тамағын жыламай ішпейтін болса, бұл жеткіншектер өмірдің өзінен көп нәрсе үйренген. Бұларға бәрі таныс, қатыгез қоғамға айтар ащы өкпелері де бар. Өздерін ешкіммен салыстырмай, жеке қалыптасқан тұлғадай санайды. Сөйте тұра жай балаларға қарағанда ойы жүйрік, арманы асқақ, өз болашағына сеніммен қарайды. Бірі мектепті беске бітіріп, анасын аурудан айықтыратын мықты дәрігер болуды көздесе, енді бірі депутат болып, балаларға көмектесер едім деп армандайды.

Бала дегеніміз - болашақ. Бүгінгі балаларымыз қандай болса, болашағымыз да солай болмақ. Қаламызға қандай да бір туристтер келіп қалса, қаладағы көркем жерлерді көрсету біздің міндетіміз, ал сол жерлерде қазақтың қарапайым ұл-қыздары гүл мен шарын құшақтап сатып жүрсе, шетелдіктердің қара көздерімізге қол салып, ұлдарымызды уысында ұстауға ойы кетпесіне кім кепіл?!

«Ел болам десең бесігіңді түзе» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Бесіктен белі шықпаған балаларымызға білгенін істетпей, білім мен тәрбиені қатар беріп, нағыз қазақтың болашағының бейнесін бүгіннен бастайтын уақыт әлдеқашан келді.

Назерке Бимахан,

ERNUR.KZ