​Өмір Шыныбекұлы: «Оқушының лақтырып кеткен бөтелкесін жинап жүрген мұғалімді кім сыйлайды?!»

0
3 775

Осы ретте тағы да айтамын, білімдегі көптеген кемшілікті шешудің бір жолы – жергілікті білім бөлімін тікелей министрлікке тіркеу. Егер бұл іске асса, көптеген мәселелер шешіледі. Мұғалімдер жергілікті әкімдіктің диктатынан босатылады.


​Өмір Шыныбекұлы: «Оқушының лақтырып кеткен бөтелкесін жинап жүрген мұғалімді кім сыйлайды?!»

Оңтүстікқазақстандық ұстаз Өмір Шыныбекұлы білім төңірегіндегі кемшіліктерді әлеуметтік желідегі өз парақшасында жиі әрі ашық айтып жүр. Оның түп тамыры қайда жатқанын да, онымен күресудің жолдарын да ұсынудан жалыққан емес. Айтары көп ұстазды сұқбатқа шақырған болатынбыз.

- Өз парақшаңызда «Білім министрін жекпе-жекке шақырамын!» деген жазба жариялаған едіңіз. Бетпе-бет жолыққан кездегі айтарыңыз не болмақ?

- Мен практик ретінде министрден гөрі қалыптасқан жағдайларды көбірек білемін деп ойлаймын. Министрдің кеңесшілерінен де көбірек білемін деп айта аламын. Ол кісілердің жасап отырған реформасы Назарбаев мектептеріне лайықталған. Кеше ғана депутат Смирнова Назарбаев мектептерінде оқитын әр оқушыға 200 мың теңгеден, ал қарапайым мектептерде білім алушыларға 17 мың теңгеден бөлінетіндігін айтты. Енді айырмашылықты шамалай беріңіз.

Екінші бір мәселе – үштілділік. Біздің қоғамымызға қауіпті болып тұрғанның бірі. Сол үштілділікті қолдап отырғандардың көбісі мемлекеттік тілді білмейтіндер. Бұл деген айналып келгенде өз ұлтымызға, мемлекеттілігімізге, тілімізге деген қиянат емес пе?! Мұндай кешенді түрде шешілуі тиіс мәселелер көп. Солардың бірі – білім беретін мұғалімдерді дайындау.

- Мұғалімдер 10 айлық курстан өтіп жатыр. Осы уақыт арасында білім алған олар ағылшын тілінде сабақ бере алады дегенге өзіңіз сенесіз бе?

- Мен соған алғаш қарсы болғандардың бірімін. Себебі, мұғалімнің де мұғалімі бар. Мысалы, мен мектепте неміс тілін оқыдым. Оны өмірде бірдеңе етіп аударма арқылы түсінуім мүмкін. Ал дәл қазір мені ағылшын курсына апарса, оны әріптен бастауыма тура келеді. Сол курста менің қасымда мектепте ағылшын тілін оқыған мұғалім отыруы мүмкін. Оның белгілі бір дәрежеде ағылшынша білгені бар. Бірақ бәрін бірге алады да, ешкімді алаламай қосып оқытады. Бір аудиторияда, бір мұғалімнен сабақ алады.

Міне, сондай сондай мұғалімдердің біразымен сөйлесіп көрдім. «Түсінісе аламыз» деп жүр...

- Түсінісу деген басқа, білім беруге келгенде бұл қалай болады?

- Білім берудің жағдайын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Өз тілімізде білім беріп жарыта алмай жүргенде, ағылшын тілінде сабақ беруді көз алдыңызға елестете беріңіз. Толықтай ойластырылмаған жерлері көп деп ойлаймын. Қайдам, енді...

- Әрі қарай не болады?

- Мені қуантып отырған бір жайт бар – депутаттар үн қатып, қоғам да бұғып қалмай кемшілікті ашық жариялай бастады. Тіпті, мемлекеттік басылымдардың өзі білім саласындағы кемшілікті ашып, көтеріп жатыр. Ұлттық арна да айтып жүр.

- Үштілділік керек делік. Бірақ біз осыған қалай, қандай жолмен баруымыз керек еді?

- Жалпы, үш тіл деген артық. Орыс тілі керек болуы мүмкін, бірақ ағылшын тілін де керек еткен адам оқып алады. Ағылшын тілін де, қытай тілін де үйреніп алып жатыр.

Ал реформаға келер болсам, оған біздің мектептердің материалдық базасы дайын емес. Бұл бір. Одан кейін бұған алдымен мектеп басшыларын оқытып алу керек еді. Деңгейлік курстарды оқытудың түпкі мақсаты – мектепті өзгерту. Курстан қанаттанып, білім алып барған мұғалімнің терминдерін мектеп директорлары түсінбейді. Жаңашылдау басшы болса, түсінуі мүмкін. Бірақ көбінде деңгейлік курстан келгендерден «Менің билігіме ортақтасып жүре ме?» деген қауіп күтеді. Дәл қазір Орал қаласындағы №47 мектепте осы жағдайдан туындаған дау-жанжалдың кесірінен сот болып жатыр.

- Министрге қайтып оралайық. «Білім министрінің қабылдауына кіремін» деп өтініш жасап көрдіңіз бе?

- 2016 жылы көктемде министр біраз блогерлерді қабылдаған. Сол кезде маған Есен Елеукен үйіме келді. «Барасыз ба?» деген сауалмен... Бірақ, олардың айтуынша, мен өз қаржыма баруым керек екен. Мұғалімнің жалақысында отырған маған ол керек пе? Шынында министр мені қабылдағысы келсе, өзінің қолында. Қаражат бөлініп, білім бөлімінің әдіскерлері іссапармен барып жатыр ғой.

Бұдан бөлек Астанадағы жігіттер хабарласты. Менің оған өз қалтамнан баруға мүмкіндігім жоқ. Патриоттықтың да шегі болады.

- Білім саласында нені өзгертер едіңіз? Нақты әрі маңызды үш мәселені атаңызшы.

- Мектеп – қоғамның кішкентай моделі. Қоғамда болып жатқан жемқорлық, надандық, немқұрайдылық – бәрі мектептен басталады. Мұны бірінші мәселе деп алайық. Екінші мәселе – реформа дегенді кешенді түрде шешу керек. Мұғалімдерді дайындаудан бастап. Осы жерде айта кететін үлкен бір мәселе – қала мектептеріндегі мұғалімдердің 90 пайызы әйел. Ол әйелдердің 60-70 пайызы түрлі себептермен ерсіз қалғандар. Біреулері кәрі қыздар, енді бірі ажырасқан, күйеуі қайтыс болғандар бар. Олардың өздерінде психологиялық проблема бар, бұған келісетін шығарсыз. Оның үстіне жалақысы төмен болса... Балалардың арасында да көңілі жарымдар жетерлік. Толық емес отбасы, әлеуметтік аз қамтылған дегендей. Проблемасы бар екі адам кездескен соң не болады?!

Үшінші мәселе дегенде, әу бастан айтып жүрмін. Алалап оқыту дегенді қою керек. Дарын, лицей, зияткерлік дегенді... Ақшасы бар адам оқытып алады. Мысалы, Назарбаев мектебі салық төлеушінің есебінен ашылып отыр. Дарын, лицейлер де солай. Ақшасы бар адамдар өздері ашсын мектеп, сөйтіп бөлек оқытсын. Бар ғой ондай мектептер. Тек қана салық төлеушінің есебінен емес. Тағы да Смирнованың сөзіне оралайық. Дискриминация ғой, ондай мектептерде мұғалімнің де жағдайы жақсы, оқушыға да бәрі жасалған. Бұл деген халықты осы кезден бастап алалау деген сөз. Бөлек оқыған балалар кішкентай күнінен өздерін элита сезінеді де, ертең оның халықпен шаруасы болмайды. Деңгейлік курста мұғалімнен гөрі бала қасындағы баланың айтқанын тез қабылдайды деген көп айтылады. Ол бұрыннан да белгілі. 6-сыныптан соң мектептегі сүттің қаймағындай балаларды теріп әкетеді сондай мектептерге. Егер сол балалар өз мектептерінде қалса, басқаларын сүйрейтін еді ғой. Басқалар соған қарап бой түзер еді.

- Мұғалімдерге көп ара түсесіз. Бұл сіздің ұстаз әрі азамат ретінде парызыңыз. Бірақ кінәнің бір ұшы сол әкімшілік жұмысқа жеккенге көніп, көше сыпырып, ағаш отырғызып жатқан мұғалімдердің өздерінде де жатқан жоқ па?

- Сөзіңіздің жаны бар. Иә, өздерінен де бар. Біріншіден, «қойшы» деген немқұрайдылық, екіншіден, қазақта «күшік кезден таланып қалған» деген сөз тіркесі бар. Бізде кеңестік дәуірде «талап тастаған», былайша айтқанда қорқып қалған. Содан кейін көп жағдайда мұғалімдердің өздерінің кәсіби біліктілік деңгейі төмен болған соң, өзіне деген сенімсіздік те кедергі. Сол себепті, мен жақында «Зияткер ұстаз» деген қоғамдық бірлестікті тіркедім. Мақсатым – өздерін көрсете алмай жүрген мықты мұғалімдер бар, соларды жарыққа шығарып, ең құрығанда рухын көтеру. Басылып қалған мұғалімдер көп. Мұндай жағдай өз басымнан да өткен. Жан-жақтан қысым көргенде соған шыдай алғаныма қуанамын. Бұл деген өте ауыр тиеді адамға. Тіпті, ауруханаға да жаттым. Үйіме қоңыраулар да түсті, қорқыту-үркітулерді де бастан өткіздім. Дәл қазір сондай жағдай болса, шыдай аламын ба, ол жағы белгісіз.

Осы ретте тағы да айтамын, білімдегі көптеген кемшілікті шешудің бір жолы – жергілікті білім бөлімін тікелей министрлікке тіркеу. Егер бұл іске асса, көптеген мәселелер шешіледі. Мұғалімдер жергілікті әкімдіктің диктатынан босатылады.

- Бұған не кедергі деп ойлайсыз?

- Тек қана «саяси ерік-жігер» ғана қажет. Әлемде 200-дей ел бар. Ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ. Біреуі болмаса бірі осы жүйені пайдаланып отырған шығар. Соның нәтижесін көруге болады. Өзіңіз де ойлап көріңізші, оқушының лақтырып тастап кеткен бөтелкесін жинап жүрген мұғалімді кім сыйлайды?! Мұғалімнің қоғамдағы абыройы ұрпақ тәрбиесінде өте маңызды рөл ойнайды.

- Ойыңызды ашық айтып сұқбат бергеніңізге рахмет!

Әмина Уалиханқызы,

ERNUR.KZ