Шымкентте TOLEM жүйесі "төрге" шыға ма әлде құрдымға кете ме?

0
1 493

TOLEM жүйесі жаңа жылға дейін 100% жұмыс істейтін болады, - дейді жауаптылар.


Шымкентте TOLEM жүйесі

Шымкент қаласында 15 қазаннан бастап қоғамдық көліктерде «TOLEM» электронды төлемақы жүйесі іске қосылды. Осы кезге дейін 100 мыңға жуық халық «TOLEM» картасын сатып алған. Ал картасыз жолаушылар 9 қарашадан бастап жол ақысын 100 теңгеден төлеуі тиіс. Электронды төлемге көшу халыққа да, кондукторларға да оңай тимеген тәрізді.

«TOLEM» карталарына байланысты туындаған мәселердің мән жайын білу үшін ERNUR.KZ сайтының тілшісі жолаушылармен және жауаптылармен тілдесіп қайтты.


Қала тұрғыны Сезім Ақанбердінің сөзінше, халық төлемге тез-ақ үйреніп кетті, тек былайғы пайдадан қағылған кондукторлар жаңа жүйеге көндіге алмай жүрген көрінеді.

- Төлем карталарын алғашқылардың бірі болып алғанымды қайтейін, әлі қолданбадым. Мен мінген маршуттардың біріне әлі қондырғы орнатылмаса, енді бірінде істемейді. 113 автобустың кондукторынан неге істемейтінін сұрағанымда «біз білмейміз, өздері қойғаннан бері солай тұр, жауаптыларға хабарласыңыз да айтыңыз, жөндеп кетсін» деп, келеке қылып кетті. Содан интернетімді ақтарып Call-орталықтың нөмерін тауып алдым. Енді тере бергенімде жаңағы кондуктор қасыма жетіп келіп 70 теңгемді қайтарып беріп тұр. «Біз терминалдың зарядкасы аз қалған соң өшіріп қойған едік, ақшаңызды алыңыз, картаңызбен төлеңіз», - дейді қосымша құрылғысын көрсетіп. Мен техникалық ақаулардан шығар деп жолақымды төлеп қойған соң қайтадан картамен төлемедім. Кондуктордың бұл қылығын түсінбедім. Автобустағы өзге адамдар да жолақысын төлеуге «TOLEM» терминалының неге істемейтінін сұрап ұрыс шығарып тұрды. Менің байқағаным халықтың көбі «TOLEM» туралы біледі, жолаушылардың басым көпшілігінде карта бар. Тек кондукторлар оны қолдануға кедергі келтіріп отырған секілді, - дейді ол.


Кондукторлардың жөнсіз әрекетін әлеуметтік желілерде сынап жатқандар да жетерлік. Мәселен Жәмила Мергенбай өзінің жеке парақшасында:

- Автобусқа мінсем карточкамды шығарғаннан контролер "істемейді..." деп безек қағады. Расымен де қондырғысы істемейтін автобустар жетерлік. "Төлем" тұр. Бассаң "ошибка" дей береді. Жұма күні мінген 27-ші бағыттағы автобусым да солай болды. Мұны көрген әлгі контролердің "жаны кіргені" сонша "Айттым ғой сізге, бекер алғансыз. Бұл да анау "Сергек" сияқты біраз уақыттан соң жарамсыз болады. Далбаса. Біздің халық қызық, бір нәрсе шықса алдымен алуға асығады. Ол істей ме, істемей ме, байыбына бармайды" деп сампылдап кетсін...."

Аялдамама жетіп сол автобустан түскенімше ана контролердің аузы жабылмады. 70 теңгемді берген соң барып жабылды ғой.

Тәп-тәуір тірлікті өстіп құртады ғой енді. Қалтасына нақты ақша түспей қалатын болған соң шыр-пыры шығып жүрген контролерларды құртпай «TOLEM» төрге шықпайды-ау осы, - деп жазды.


Осыған байланысты кондукторларды біз де сөзге тартып көрген едік. Айтуынша, олар да күнделікті түсетін пайдадан қағылып қалғысы келмейтін сияқты.

- «TOLEM» терминалдарын орнатқаны енді ғой. Түрлі техникалық ақаулар туындауы мүмкін. Оны жөндеп тұруға уақыт тапшы. Оның үстіне халық та қолма қол төлеп үйреніп қалған. Тіпті кейбірі «карта деген қайдан шыққан» деп түсінбейтіндері де бар. Әрине, қолға төлегені бізге де жақсы. Мойындау керек ,қалтаңа түскен ақшаны қалауыңша алып жүретін кездер де болады. Көп емес болса да, керегіңе жетеді. Негізі «TOLEM» толықтай жүйеге көшетін болса, бізге де жеңіл болатын еді. «Жолақысы» деп әр адамның жанына бармайсың, қайтарым берем деп тиын санап тұрмайсың. Картаны терминалға тигізіп төлем жасайды. 9 қыркүйектен бастап картасы жоқ адамдардан 100 теңге алуға тура келеді. Оны түсінбей өзімізге ұрысып, тіпті қырсығып ақшасын төлемей түсіп кетіп жатқан жолаушылар да кездеседі. Жол ақысын 100 теңге төлегісі келмегендер өздері үшін карта сатып алады. Бұл бастамасы, біртіндеп бұған да үйреніп кетеміз, - дейді А.Өсербай.


Ал жаңа жүйеге қарсы жүріп, «TOLEM» терминалдарын істетпей тастаған кондукторларға қандай шара қолданылады? Бұл туралы жауапты мамандар туындаған мәселенің уақытша екенін жеткізді.

- Қазіргі таңда қаладағы барлық қоғамдық көліктерге «Төлем» терминалдары орнатылды. Тұрғындардан кондукторларға байланысты түрлі арыз-шағымдар келіп түсуде. Біз оның бәрін біліп, бақылап отырмыз. Бұл – уақытша. Кондукторлар мен автобус басшылығына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оларда осы жүйеге үйренісіп кетеді. Жаңа жүйені халыққа толығымен түсіндіру мақсатында «электронды билет жүйесін бақылау» бөлімі құрылды. Онда арнайы 23 маман халықпен жұмыс істеуде. Дәл осы "Төлемге" байланысты туындаған сұрақтар бойынша Сall-орталығы 87758112222 номеріне хабарласып, жауап ала аласыздар, - дейді «TOLEM» қаржы мәселелері бойынша директордың орынбасары Аңсар Серік.


«TOLEM» карталарын әлі де қайдан аларын білмей жүрген тұрғындар жетерлік. Әсіресе, студенттер мен оқушыларға арналған карталарды қалай және қайдан алуға болатынын да сұраған едік.

- Қалада 220 мың мектеп оқушысы, 80 мың студент, 14 мың жеңілдік берілген тұрғын бар. Олар үшін 2 қарашадан бастап арнайы телеграм бот (электронное билетирование) іске қосылды. Онда бүгінгі бір күннің өзінде 4 мыңнан аса адам өтініш қалғырған. Қолданушылардың көптігінен телеграм бот бәріне бірден жауап бере алмайды. Ол істемей тұр деген сөз емес. Бот жұмыс істеп тұр. Тек аз ғана уақыт күту керек. Телеграм ботқа өзіңіздің жеңілдік иесі екеніңізді анықтайтын құжаттарды жібересіз. Ол қабылдап, сіздің картаңыз дайын болған соң хабарласатын телефон төмері мен алып кететін мекен жайыңызды жазады. Сол жерден барып алып кетеді. Студенттер мен оқушыларға мектептен не ЖОО-нан «TOLEM» картасы берілмейді. Ал карта әлі алмаған студенттер мен оқушылар бұрынғыша жол жүру ақысын төлейді. Оқушылар 35 теңге, студенттер «студенттік билетін» көрсету арқылы 50 теңге төлейді. Жеңілдік иелері де дәл сондай өз анықтамасын көрсету арқылы, картасы қолға тигенше тегін жүреді, - дейді «TOLEM» қаржы мәселелері бойынша директордың орынбасары Аңсар Серік.

Осы айдың соңына дейін қала тұрғындарына төлем карталары толығымен таратылып бітеді. Терминалда техникалық қателер болса, онда қолында «TOLEM» картасы бар жолаушылар 70 теңге төлеп жүре алады. Ал картасыз жүрген жолаушылар 100 теңге төлеуі тиіс. Жол ақысын төлеуден жалтарған жолаушыға алғашында ескерту беріледі, егер қайталанса 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады, - дейді ол.


«TOLEM» картасын жоғалтып немесе сындырып алған жолаушылар не істейді?

- Қоғамдық көліктердің көбінде интернет бар. Біз жақында Beeline компаниясымен келісіп ол істі қолға алдық. «TOLEM» картасы жанында жоқ жолаушылар QR код арқылы Каспий не басқа қосымшалардан төлесе болады. «TOLEM» картасына жеке адамның аты-жөнін еңгізіп, екінші адам қолдана алмайтындай жасау жоспарланып жатыр. Ол жөнінде программисттермен ақылдасып, жоғалтып алған адам қайта жасауға да мүмкіндік жасаймыз, - дейді «TOLEM» қаржы мәселелері бойынша директордың орынбасары Аңсар Серік.

Электронды төлемақы жүйесін бізден бірнеше жыл бұрын бастап кеткен Нұр-Сұлтан, Алматы сынды қалалардың тәжірибесіне сүйене отырып жасалған «TOLEM» жүйесі жаңа жылға дейін 100% жұмыс істейтін болады, - дейді жауаптылар.

Ел арасында дұрыс түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, кондукторлар да өз жұмысын дұрыс атқарса, ол күнде алыс емес.