Түркістан облысында 5 мыңнан астам тұрғын ауызсусыз отыр (видео)

0
1 347

Тұрғындардың айтуынша, жаз келсе болды құдықтары қаңысып, ішерге су таппай қалады екен.


Түркістан облысында 5 мыңнан астам тұрғын ауызсусыз отыр (видео)

ERNUR.KZ. Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Жібек жолы ауылының 5 мыңнан астам тұрғыны тіршілік нәрінсіз отыр, деп жазады 24.kz арнасы.

Шымкенттің іргесінде орналасқан ауыл тұрғындары осы мәселеге байланысты БАҚ өкілдеріне хабарласып, көмек сұраған. Тұрғындардың айтуынша, жаз келсе болды құдықтары қаңысып, ішерге су таппай қалады екен. Таңдайы құрғаған әлеумет аптап ыстықта тіршілік нәрінің күніне бір рет қана берілетіне наразы. Осы уақытты пайдаланып ыдыстарының бәрін суға толтырып алады немесе көлігі барлар тасып ішеді.

Тұрғындардың айтуларынша, бұған дейін бірнеше мердігер келіп, ауылға құбыр тартқан. Оған қазынадан 450 млн теңге қаржы бөлініпті. Бірақ сапасыз жүргізілген жұмыстың соңы осындай жағдайға әкелген. Ал ауыз суға жауапты мамандардың да айтар уәждері бар.

Олардың пікірінше, су ауылға Машат жақтан құбыр арқылы жеткізіледі. Ауыл маңындағы насос арқылы көшелерге тарайды. Аптап ыстықта таудан келетін судың көлемі азаятындықтан биік жерде орналасқан үйлерге су шықпай қалады дейді. Оған жауапсыз мердігерлерден қалған сапасыз құбырдың жырын қосыңыз.

Жібек жолы ауылының тұрғыны Керімхан Омар: «Кім болса сол істеп кеткен. Мамандар істемеген. Сапасыз, жұп-жұқа құбырлар. Ішінде су болмағаннан кейін ауа тартады да сорып қояды. Қай жер болса сол жерде ағып жатқан тіршілік бұл. Міне көріп тұрсыздар қазір 40-45 градус ыстық. Сол жағдай қайталанып отыр. Жоқ емес, бар су келмей жатыр», - дейді.

«Ауыл тұрғындары шілде айында арық суын емес, құдық суын пайдаланып жатқандықтан бәріне бірдей жетпей қалады. Сол себепті шешімін табу мақсатында жөндеу жұмыстары аяқтағанша кезекпен беріп жатырмыз. Күніне 4-6 сағат су береміз. Құдай қаласа, 15 күнде мәселе шешіледі», - деді Сайрам тазалық мекемесі директорының орынбасары Көркемжан Ешметов.