Жергілікті биліктің жайбасарлығынан халық өзіне тиесілі 10 сотық жерін ала алмай отыр

0
1 588

Халыққа жер беру мәселесі бүгінгі таңда аса маңызды сипатқа ие болды. Әр азаматтың өмірінде бір рет 10 сотық жерді мемлекеттен тегін алуына қақысы бар. Алайда, бірнеше жылдан бері көптеген қалаларда жер беру тоқтатылып, кезегін күткен халықтың шыдамы таусыла бастады.


Жергілікті биліктің жайбасарлығынан  халық өзіне тиесілі 10 сотық жерін ала алмай отыр

фото: zheruiyq.kz

Халыққа жер беру мәселесі бүгінгі таңда аса маңызды сипатқа ие болды. Әр азаматтың өмірінде бір рет 10 сотық жерді мемлекеттен тегін алуына қақысы бар. Алайда, бірнеше жылдан бері көптеген қалаларда жер беру тоқтатылып, кезегін күткен халықтың шыдамы таусыла бастады.

Жыл басында құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Марxабат Жайымбетов биыл берілетін жер учаскелерінің санын нақтылаған болатын. Комитет басшысының айтуынша, биыл қаржы бөлінсе, кем дегенде, 40-50 мың жер учаскесіне инфрақұрылым желілерін тартылады.

«Қазіргі келген 40 млрд-тың ішінде 15 млрд теңгені ғана ЖТҚ-ға (жеке тұрғын үй құрылысы), яғни 15 мың учаскеге деп отыр. Бұл - әкімдіктердің есебі. Негізі, біз тағы да 40 млрд аламыз деп отырмыз. Өйткені жыл сайын «Нұрлы жер» бойынша 80 млрд теңге берілуі керек. Біз, кем дегенде, 40 мың учаскеге инфрақұрылым апаруымыз қажет. Әкімдіктер әлі де өз есептерін береді. Қазіргі құжаттар бойынша 15 мың учаске беріледі деген жоспар бар. Жалпы, осы көрсеткішті 40 мыңға дейін жеткізуіміз керек», - деді М.Жайымбетов.

Оның сөзіне қарағанда, жер учаскелері Алматы мен Астана қалаларынан басқа барлық облыстарда берілуі керек.

«Аталған екі қаланың бас жоспары бойынша жеке тұрғын-үй құрылысы үшін жер жоқ. Басқа өңірлердің бәрінде беріледі», - деп атап көрсеткен М.Жайымбетов.

Жарайды, алматылықтар мен астаналықтарға жер жоқ. Басқа өңірлер ше? Осы жерде мынадай жайтқа қанық болдық. Жергілікті әкімдіктер жер учаскелеріне инфрақұрылым желілерін тартуда құлықсыздық танытып отыр екен. Соның салдарынан xалыққа жер учаскелерін тарату мен тұрғын үйлерді салу жұмысы кейінге шегеріліп келеді.

Таяуда инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек әкімдерге осы мәселені тағы бір рет ескертіп өтті.

«Былтыр бюджетті жоспарлағанда жер учаскелеріне инфрақұрылым желілерін тартуға 80 млрд теңге арнайы бөлінген. Бірақ әкімдіктердің берген құжаттары тек 38 млрд теңге болды. Бұл дегеніміз, биыл ол инфрақұрылымды салмасақ, онда келе жатқан 2019-2020 жылдарда тұрғын үйлерді сала алмаймыз деген сөз», - деді Ж.Қасымбек.

«Сондықтан әкімдіктерге айтарымыз – керек құжаттарды осы бір-екі аптаның ішінде бізге тапсыруларыңыз қажет. Барлығын сараптамадан өткізіп, министрлікке беріңіздер. Бізде қазір оған бөлінген қаржы бар. Осы айдың ішінде реттемесек, онда облысқа қаржы берілмейді!», - деп атап көрсетті министр (inform.kz).

Демек, бар мәселе жергілікті билік өкілдерінде болып тұр ғой. Мемлекет ертерек инфрақұрылым жүргізіп, жерді халыққа таратуға қанша күш салғанымен, өңірлердегі әкімдіктер құжатын дер кезінде ұсынбай, уақытты созумен келеді. Бұл түрімізбен кезегін күткен қарақұрым халық алдағы 20-30 жылда өзіне тиесілі жер теліміне қол жеткізе алар ма екен? Әй, қайдам.