​Әлем қалаларындағы ең ұзақ көлік кептелісі. Топ-10

0
2 761

Көлік жүргізушілерінің назарына: INRIX талдау компаниясы әлем қалаларындағы көлік кептелісін бақылай отырып, кезекті қорытындысын жариялады. Бұл жолы талдаушылар қала жүргізушілерінің кептелісте өткізетін сағатын санаумен айналысыпты. Әрине, орта есеппен алғандағы. Қуана беріңіз, бұл тізімге еліміздің еш қаласы ілінбеді. Тіпті, Алматы да...


​Әлем қалаларындағы ең ұзақ көлік кептелісі. Топ-10

фото: avtomaniya.com

Көлік жүргізушілерінің назарына: INRIX талдау компаниясы әлем қалаларындағы көлік кептелісін бақылай отырып, кезекті қорытындысын жариялады. Бұл жолы талдаушылар қала жүргізушілерінің кептелісте өткізетін сағатын санаумен айналысыпты. Әрине, орта есеппен алғандағы. Қуана беріңіз, бұл тізімге еліміздің еш қаласы ілінбеді. Тіпті, Алматы да...

10-орында — Майами (АҚШ)

Әлемдік масштабпен есептегенде кішігірім саналатын, 143 шаршы шақырымды алып жатқан қалада 500 мыңға жуық жан тұрады. Олардың ішіндегі көлік тізгінін тартқандар бір жылдың орта есеппен 64 сағатын кептелісте өткізеді екен.

9-орын — Парижге (Франция) тиесілі

Қала орталығы бар болғаны 102 шаршы шақырымды алып жатыр, ал тұрғын саны — 2 миллионнан асып-жығылады. Осынша жан шоғырланған парижде көлік жүргізушілері бір жылдың 69 сағатын кептеліске зая қылатын көрінеді.

8-орынға Атланта (АҚШ) тұрақтаған

Мұндағы автомобилистердің бір жылдық ғұмырының 70 сағаты кептелісте өтеді. Қаланың 347 шаршы шақырымдық аумағын тұрақты мекендеушілер саны 500 мыңнан аспайды. Сондықтан, кептелістің туындауына себеп болатын — агломерация тұрғындары мен келіп-кетушілер деп санайды олар.

7-орында — Лондон (Англия)

Лондонның 1572 шаршы шақырымдық аумағын 9 миллионға жуық халық мекендейді. Қала орталығында автотұрақ бағасы жоғары, оған қоса, жүргізушілер орталық көшелермен жүріп өту үшін ақы төлейді. Соған қарамастан, көліктер легі кемитін емес. Бұған жүргізушілердің жылына 74 сағатын ұрлайтын ұзын-сонар кептелістер дәлел.

6-орын Боготаға (Колумбия) бұйырды

Аумағы мен халық саны жөнінен Лондонмен шамалас бұл қалада да кептеліс мәселесі күн тәртібінде. Боготалық жүргізушілер бір жылдың 75 сағатын кептеліске жұмсауға мәжбүр.

5-орынды Сан-Франциско (АҚШ) сауғалады

Қаланың орталық бөлігі 121 шаршы шақырымды алып жатса, ондағы тұрғындар саны 900 мыңға жуық деп жарияланған. Мұндағы жүргізушілердің жылдық шығыны — 79 сағат.

4-орын Сан-Паулудың (Бразилия) үлесінде

Тұрғын саны — 12 миллион. Ал, жер аумағы — 1521 шаршы шақырым. Кептелістер тізімінен неге 4 орын алғаны түсінікті де. Алып мегаполистегі әрбір автомобилист жылына 86 сағатын кептеліске шығындайды екен.

INRIX компаниясы «жеңімпаздар» үштігіндегі 3-орын иегері ретінде Нью-Йорк (АҚШ) қаласын атайды. 91 — Нью-Йорк жүргізушілерінің бір жылда кептеліске жұмсайтын сағат саны осындай. Өзге мегаполистермен салыстырғанда бұл қаланың аумағы кішірек екенін айта кету керек. Шамамен 1200 шаршы шақырым. Осындай аумақта 8,5 миллионға жуық тұрғын сыйысып күн кешуде.

Ал, 2-орынды екінші жыл қатарынан Мәскеу (Ресей) қаласы еншісіне басуда. Себебі, мұндағы жүргізушілердің кептеліске жұмсайтын сағаты былтырғыдан артпаса, кемімепті. Шамамен 2500 шаршы шақырым шығып қалатын аумақта ресми тіркелген тұрғын саны 12 миллионнан асады. Ал, қала маңындағы агломерацияны қоса есептесе, бұл көрсеткіш 20 миллионнан асып кетуі ғажап емес. Ендеше, мәскеулік көлік тізгіндеушілердің жыл сайын кептеліске 91 сағатын құрбан етуі заңды да.

Бірақ, мұның бәрі де Лос-Анджелестегі кептеліспен салыстырғанда түк емес. 1300 шаршы шақырымнан сәл ғана асатын территорияны өзара бөлісіп күн кешіп жатқан қала халқының саны 4 миллион шамасында. Десе де, ол тұрғын саны өзінен әлдеқайда көп келетін алып мегаполистерді басып озып, бірінші орынды иемденіпті. Өйткені, мұндағы бір жылда кептеліске кететін уақыт мөлшері — 102 сағат.

Дайындаған - А.Бектұрғанова,

ERNUR.KZ