Апаттық сынақтардың нәтижелері бойынша ЕҢ ҚАУІПСІЗ КӨЛІКТЕР анықталды

0
3 312

Жуырда EURONCAP апаттық сынақтары арқылы ең қауіпсіз автомобиль модельдері анықталды. Тізімде Mazda, Mercedes-Benz, Skoda, Lexus және басқа брендтердің жаңа көліктері бар.


Апаттық сынақтардың нәтижелері бойынша ЕҢ ҚАУІПСІЗ КӨЛІКТЕР анықталды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Еуропадағы тәуелсіз ұйым Euroncap 14 жаңа көлік үлгісінің апаттық сынақтарының нәтижелерін жариялады. Бұл жолы сынаққа Skoda, Volkswagen, Ford, Mercedes-Benz және т.б. басқалары қатыстырылған. Нәтижесінде сынақтарға қатысқан көліктердің көпшілігі бес қауіпсіздік жұлдызын жинай алған. Алайда, кейбір модельдер мұндай жоғары бағаға лайық емес екенін де көрсетті. Осы орайда ЕҢ МЫҚТЫ көліктерге тоқталып өтпекпіз.


Оmoda C5

Апаттық сынақтарға қазір көптеп сатылып жатқан қытайлық Омода С5 кроссовері қатысып, сынақ нәтижелері бойынша ең жоғары баға алған. Сарапшылар бұл көліктердің ересектерді қорғау қабілетін 87%, ал балаларды қорғау қабілетін 87% деп бағалаған. Сонымен қатар, жүргізушіге көмек көрсетіп, қауіпсіз жүргізуді қамтамасыз ететін жүйелері 88% ұпай алған.

Бұл көліктің негізгі мәселесі – қозғалмайтын кедергімен соқтығысқанда алдыңғы жолаушының аяғынан ауыр жарақат алу ықтималдығы жоғары екен. Ал, бүйірден болған соққы кезінде жүргізуші кеуде жарақатын алуы мүмкін. Жаяу жүргіншілер үшін көліктің алдыңғы тіректері мен фаралар аймағы үлкен қауіп төндіреді екен. Сынақ ұйымдастырушыларының айтуынша, машина соқтығысудың барлық түрлерінде балаларды қорғаудың жоғары деңгейін көрсеткен.



Lexus RX

Жапондық Lexus RX кроссовері де жоғары баға алған. Сарапшылар жүргізуші мен жолаушыларды қорғау деңгейін 90% және балаларды қорғау деңгейін 87% деп бағалаған. Ал, электрондық "көмекшілері" 91%-дық көрсеткішке жеткен.

Сынақтарда қолданылатын манекендер арқылы қозғалмайтын кедергіге соқтығысу кезінде жүргізушінің кеуде жарақаттарын алу қаупі жоғары екені анықталған. Апаттық сынақтарды ұйымдастырушыларда көлікке қатысты басқа шағымдар болмаған.



Mercedes-Benz GLK

Mercedes-Benz GLK кроссовері де бес жұлдызға ие болды. Жүргізуші мен ересек жолаушылардың қауіпсіздігі 92, балалардың қауіпсіздігі 90, ал көмекші құрылғылардың жұмысы 84 пайызға бағланған. Сарапшылар соқтығысудың барлық түрлерінде автокөлік жүргізушісі мен жолаушыларды қорғаудың жоғары деңгейі бар екенін атап өтті. Дегенмен, бүйірлік соққы кезінде кеудеге ауыр жарақат алу ықтималдығы байқалған. Жолаушылар үшін көліктің алдыңғы тіректері мен фаралар аймағы қауіп төндіреді екен.


Skoda Octavia

Қауіпсіздік бойынша ең жоғары ұпай Skoda Octavia көлігіне де берілген. Алайда, сарапшылар алдыңғы және бүйірлік соқтығысу кезінде жүргізушінің кеуде қуысының зақымдану ықтималдығы жоғары екенін атап өткен. Сынақ ұйымдастырушыларында көлікке қатысты басқа сұрақ болмаған.

Нәтижесінде көліктің жүргізуші мен ересек жолаушыларды қорғау қабілеті 86% және балалардың қауіпсіздігі 84% деп бағаланды. Автокөліктегі қауіпсіздік жүйелерінің жұмысы 81%-дық ұпай алған.


Land Rover Discovery Sport

Сондай-ақ, апаттық сынақтарға Land Rover Discovery Sport көлігі де қатыстрылды. Жол талғамайтын көліктегі жүргізуші мен ересек жолаушылардың қауіпсіздігі 84%, балалардың қауіпсіздігі 89%, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі 71% және электронды көмекші жүйелердің жұмысы 85% деп бағаланған. Жүргізуші үшін ең үлкен қауіп – бүйірлік соққы. Мұндай соқтығысу кезінде автокөлік жүргізушісі кеудеден ауыр жарақат алуы ықтимал.


Volkswagen Amarok

Апат сынақтарының нәтижелері бойынша Volkswagen Amarok пикапы да қауіпсіздік бойынша ең жоғары ұпай жинай алды. Сарапшылар ересектердің қауіпсіздігін 84%, балалардың қауіпсіздігін 90%, қозғалыстың басқа қатысушыларының қауіпсізідігін 74% деп бағаласа, электронды көмекшілерге 84% ұпай берген. Сарапшылар соқтығысу кезінде алдыңғы жолаушының аяғынан жарақат алу қаупі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай апат кезінде артқы жолаушы кеуде тұсынан қатты зардап шегуі мүмкін. Бүйірден соққы алған кезде жүргізуші де кеудеден жарақат алуы ықтимал. Сонымен қатар, фаралар, капот және алдыңғы тіректер аймағы жаяу жүргіншілер үшін қауіп төндіреді.


Ford Ranger

Апаттық сынақтарға қатысқан тағы бір пикап Ford Ranger. Американдық модель сынақ ұйымдастырушыларының өте жоғары бағасына ие болды. Ересектерді қорғау дәрежесі 84%, балаларды қорғау дәрежесі 90%, ал электронды көмекшілердің жұмысына 84% балл берілген. Бұл бағалауға алдыңғы жолаушының соқтығысу кезінде аяғын жарақаттап алуының жоғары қаупі әсер ете алмаған.

Сондай-ақ, сенімді көліктердің қатарында Lucid Air, MG 4 Electric, Volkswagen ID. Buzz, Maxus MIFA 9, Ford Pumа, Volkswagen Touran, Peugeot 408 секілді модельдер бар.


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Осы қыста ЖАҢА КӨЛІКТЕР шығады

Такси болуға ҚАНДАЙ КӨЛІКТЕР ТИІМДІ?