АВТОМАТ немесе ВАРИАТОР – қайсысы дұрыс? Маман КЕҢЕС береді

0
3 980

Вариатор беріліс қорабының автоматтан айырмашылығы қандай? Олардың қайсысы тиімді?


АВТОМАТ немесе ВАРИАТОР – қайсысы дұрыс? Маман КЕҢЕС береді

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Автомобильдердің беріліс қорабы әдетте механикалық, автоматты және вариатор болып үшке бөлінеді. Механикалық беріліс қорабы алғаш пайда болғанымен, бүгінде соңғы екеуіне қызығушылардың қатары көп болып отыр. Өйткені автомат пен вариатор жүргізуші үшін қолайлы. Дегенмен, құрылымдық жағынан олардың артықшылықтары да, кемшіліктері де бар. Бұл туралы анық-қанығын білу үшін шымкенттік көлік жөндеу орталығының Самалхан есімді маманын әңгімеге тарттық.


- Вариатор деген қандай механизм және ол қалай жұмыс істейді?


- Вариатор – бұл дер кезінде қозғалтқыштан доңғалақтарға күш беретін және белгілі бір реттеу диапазонында беріліс қатынасын біртіндеп өзгерте алатын автоматты беріліс түрі. Беріліс қатынасын автоматты түрде, арнайы бағдарлама бойынша немесе қолмен жүзеге асыруға болады.


Бір қызығы, өнертапқыштар вариаторды әдеттегі "автоматтан" әлдеқайда ерте ойлап тапқан екен. Оған XIX ғасырдың соңында патент берілгенімен, автокөліктерге бірден орнатыла қоймаған. 1950 жылдары ғана бұл беріліс қорабымен жабдықталған көлік пайда болып, вариатор алғаш рет DAF маркалы автомобильдерге сериялы түрде орнатыла бастайды. Алдымен вариатормен жабдықталған жүк көліктері, артынан жеңіл көліктер жарық көрген. Содан кейін ол Volvo-ның кейбір модельдеріне орнатылып, 1990 жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында «TipTronic» деген атпен танымал болған вариатор Audi көлігінің седандарына орнатылған. Бірақ, вариаторлар соңғы 2-3 жылдың көлемінде ғана кеңінен таралып жатыр.


Вариаторлар ауыспалы диаметрлі, тізбекті, тороидальды деген бірнеше түрге бөлінеді. Оның ішінде ең көп таралғаны – бірінші түрі. Сондықтан бұл механизмнің қалай жұмыс істейтінін бүгінгі таңда талқылауға әбден болады. Негізі ол бір қарағанда кәдімгі автоматқа ұқсайды. Оның да P, R, N, D деп аталатын беріліс деңгейлері бар. Бірақ, вариатор мүлдем басқаша жұмыс істейді. Атап айтқанда, беріліс деңгейі автоматты түрде ғана ауыспайды. Яғни, «скоросты» қолмен ауыстыру мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, қозғалған кезде және беріліс деңгейі ауысқанда ешқандай сілкіну секілді жағдайлар сезілмейді.


- Соңғы 2-3 жылда кеңінен таралды дейсіз. Оның себебі не деп ойлайсыз? Вариатордың қандай артықшылықтары бар?


- Мысалы, жүріс жайлы болады. Сосын, вариатор автоматты беріліске қарағанда жоғары жылдамдықты тез қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар, вариаторда берілістердің басқа түрлері секілді қуат ағыны үзіліп қалмайды. Тиісінше, берілісі мұндай көліктердің жылдамдығы тез артады. Одан бөлек, вариатор жұмыс кезінде шығындарды азайту арқылы автомобильдің бүкіл электрлік қондырғысына жоғары тиімділікті қамтамасыз етеді. Тағы бір ерекшелігі –вариатор берілісі орнатылған көлік басқаларға қарағанда жанармайды аз «жейді».


- Вариатордың кемшіліктері де бар шығар?


- Әлбетте, кез келген нәрсенің кемшілігі болады. Біріншіден, вариатор көлік жылдамдығын едәуір тез үдете алғанымен, бірден арттыру тұрғысынан әлсіз болады. Мысалы, өзге көліктерді басып озу кезінде қиындық туындап жатады. Содан кейін, барлық вариаторлардың құрылымы мен бағдарламалық жүйесі өте күрделі болады. Сондықтан басқа беріліс түрлерімен салыстырғанда жиі бұзылады. Оның үстіне, механизмі күрделі, жабдығы қымбат болатындықтан бұзылған вариатор берілістерін жөндеу де қымбатқа түседі. Сосын, вариаторға қажетті сұйықтықтар да қымбат және арзан майлар оны алмастыра алмайды.


- Ал, көпшілік үйреніп қалған автоматты беріліс жайлы не айтасыз? Вариатор танымал болып, олардың деңгейі төмендеп қалмады ма?


- Автоматты беріліс – бұл көлік қозғалысы кезіндегі ең қолайлы беріліс қатынасын қамтамасыз ететін механизм. Ол бір беріліс деңгейінен екіншісіне автоматты түрде ауысып отырады. Яғни, таңдаған беріліс деңгейіне бір салып қойып, еркін отыра беруге болады. Сосын, автоматты берілісті басқаратын педальдарды бір-ақ аяқпен басқарып отыра бересіз. Демек, жүргізушінің қолына да, аяғына да көп күш түспейді. Сондықтан, қаншама жылдан бері қолданылып келе жатқан автоматты беріліс орнатылған көліктерге сұраныс көбеймесе, азая қойған жоқ.



- Жаңа вариатордың артықшылықтарын тізіп айттыңыз. Ал автоматтың ерекшеліктері қандай?


- Автомат дегенде ең алдымен ойға оңай басқарылатыны түседі. Жоғарыда айтқандай беріліс деңгейлерін алға, артқа жүргенде немесе тұраққа тоқтағанда ғана ауыстырасыз. Сондықтан, автоматқа қызығушылар өте көп болады. Әрі вариаторға қарағанда механизмі қарапайым және қызмет көрсету құны қолжетімді. Әрине, автоматты беріліс қорабы да вариатор секілді арнайы сұйықтықты қажет етеді. Бірақ, олардың майы вариаторға қажет майлардан әлдеқайда арзан. Оның үстіне, бұл механизмнің құрылымы аса күрделі емес және бөлшектерін жиі ауыстырудың қажеті болмайды. Сосын сенімділігі жоғары. Өйткені, бүгінге дейін 70 жылдан бері қолданылып келе жатқан автоматты беріліс қорабы талай рет жетілдіріліген.


- Өзіңіз айтқандай бұл механизмнің де кемшіліктері бар болар? Жүргізушілер автомат жайлы нені білуі керек?


- Әлбетте. Бұл механизм вариаторға қарағанда динамика тұрғысынан әлсіздеу болып келеді. Беріліс деңгейі өздігінен ауысып отырғанымен, жылдамдықты тез арада жоғарылата алмайсыз. Сосын, автоматты беріліс қорабымен жабдықталған көлік басқа беріліс мехнизмі орнатылған көліктерге қарағанда жанармайды көптеу тұтынады.



- Сонымен, сөзіңізді қорытындыласаңыз. Қайсысы жақсы? Вариатор ма, әлде автомат па? Маман ретінде қандай кеңес бересіз?


- Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Өйткені, олардың өздеріне тән артықшылықтары да, кемшіліктері де болатынын айттық. Сондықтан, әр адам өзіне ұнайтын, өзіне қолайлы болатын қасиеттеріне қарап таңдағаны дұрыс. Динамикалық тұрғыдан мықты, жанармайды аз тұтынатын, бірақ жөндетуі қымбат, шығыны көп вариаторды таңдай ма, әлде жұмысы бірқалыпты, сенімді, орын алатын ақауы да, шығыны да аз, бірақ жылдамдығы баяу көбейетін, бензинді көп жейтін, автоматты таңдай ма, әркім өзі біледі.


- Кеңесіңізге рақмет!


Сұқбаттасқан: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Көлік қозғалтқышын ЖУУҒА БОЛА МА?


Әлемге ӘЙГІЛІ автокөлік мұражайлары - тарихтан тәбәрік