Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең мықты көліктер

0
3 936

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына биыл 74 жыл болды. Ал, Сіз сол соғыстағы жауынгерлердің жеңісіне үлкен көмек болған көліктер жайында білесіз бе?


Екінші дүниежүзілік соғыстағы ең мықты көліктер

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Біз осы атаулы мереке қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі ең мықты көліктерге шолу жасауды шештік. Шолуға кеңестік, неміс және американдық көліктер еніп отыр, себебі екі жақтың жауынгерлері тек отандық техникалармен ғана қаруланбағаны белгілі. Мысалы, «қызыл әскер» АҚШ-тан жеткізілген көлік құралдарын да көп пайдаланған. Сонымен, шолуға көшейік.


1. Dodge WC-51


Жол талғамайтын американдық Dodge WC-51 көлігі Кеңес әскеріне одақтастық көмек ретінде 1942 жылдан бастап АҚШ-тан жеткізіле бастаған және ол жиі пайдаланылған. Көлік құралының негізінде мобильді санитарлық пункттер құрастырылып, қару мен сарбаздарды тасымалдаған. Атап айтқанда, Dodge WC-51 көмегімен жеңіл көліктің күші жетпейтін 280 келілік ауыр минометтерді, ЗИС-2 57 миллиметрлік танкіге қарсы зеңбіректерді нысанға жеткізіп отырған.


2. Horch 901


30-шы жылдардың ортасында неміс өнеркәсібі толық жетекті әскери автокөліктерді әзірлеуге және шығаруға кіріседі, олар өз кезегінде жеңіл, орташа және ауыр болып бөлінген. Horch 901 – солардың бірі. Аталған көлік ұрыс алаңында жиі бой көрсеткен, себебі оның мүмкіндіктерді көп болған. Сондай-ақ, жол талғамайтын Horch 901 ұялы госпиталь ретінде, қару тасымалдауға және тіркеп сүйреуге қолданылған.


3. Volkswagen Typ 82 (Kübelwagen)

Атақты Фердинанд Порше 1936 жылы біріздендірілген әскери техникалармен жұмыс істей бастайды. Бірінші көлікті 1938 жылы жасап, оны VW Typ 62 деп атайды. Содан соң, сынақтардан және пысықтаулардан кейін жетілдірілген Typ 82 моделін таныстырады және ол 1940 жылдың қарашасынан бастап сериямен шығып отырады. Әскери құрметке ие болған қарапайым және сенімді бұл көлік қайта жөндеуге жарамды, салмағы аз болған.


VW Typ 82 көлігінің соғыстағы басты әскери міндеті – жеке құрамды сарбаздарды жеткізу және жанармай мен оқ-дәрілерді тасымалдау.


4. ГАЗ-61


1938 жылдың жазында Кеңес жауынгерлері үшін пайдасы көп жеңіл көліктерді жобалау тапсырмасына жетекші ретінде конструктор Виталий Грачев алынады. Содан кейін, бір жыл ішінде Горьковск автозауытында бірінші тәжірибелік үлгі сынақтан өтеді.


Сынақтан өткен ГАЗ-61 көлігінің Газ-61-415 пикап және Газ-61-417 жеңіл тартқыш деген үлгілері болған. Ал, олардың ішіндегі ең көп таралғаны – әлемдегі бірінші жабық кузовты, толық жетекті жеңіл ГАЗ -61-73 седан автокөлігі болған.

Көліктің ерекшеліктері: мықты қозғалтқышы, қайта жөндеуге жарамдылығы, жол талғамастан жоғары жылдамдықпен жүруі, өтімділігі мен сенімділігі.


5. Volkswagen Typ 166 (Schwimmwagen)


1941 жылы неміс сарбаздары қарапайым және қысқа лақап ат қойған VW Typ 166 – «Schwimmwagen» көлігі пайда болады, бұл сөзбе-сөз аударғанда «қалқымалы автокөлік» дегенді білдіреді.


Атап айтсақ, бұл көлік құрғақ жерде ғана емес, суда және батпақта жүре беретін болған. Ал, мұндай көліктер соғыста өте қажет еді. Сондықтан, сұранысты қанағаттандыру үшін VW Typ 166 өндірісін екі зауытта — Штутгарттағы Porsche-де және Вольфсбургтегі VW-да қатар жүргізген. Нәтижесінде ол американдық Ford GPA-ны басып озып, Екінші дүниежүзілік соғыстың ең танымал автокөлігіне айналады. (1941 жылдан 1944 жылға дейін көліктің 15 мыңнан астам данасы өндірілген).


6. БА-64 қорғанышты жеңіл көлік

БА-64-ті әзірлеу 1941 жылдың жазында басталады және кеңес құрастырушылары осындай кластағы неміс техникасын зерттеу кезінде алынған тәжірибені негізге алады. Нәтижесінде, ресурстар мен уақыттың тапшылығы жағдайында инженерлер жарты жыл ішінде осындай бәсекеге қабілетті автокөлікті құрастыра алған.



БА-64 артықшылықтарының қатарына: жөндеу жарамдылығы, мықты жарығы, қорғанысы, отын шығынының аздығы және жоғарғы жылдамдығы енеді.


7. Stoewer R-series Spezial

30-шы жылдардың ортасында Штевер компаниясының негізін қалаушы ағайынды Штеверлер жеке құрамды тасымалдауға арналған жеңіл, толық жетекті әскери көлікті әзірлеуге мемлекетпен келісімшарт жасасқан. Содан кейін, 1936 жылы осы жол талғамайтын көлік жарыққа шығады және Stoewer R180 атауын алады, оның көлемі 1,8 литр болған және 43 ат күші бар қозғалтқышпен жабдықталған. Сондай-ақ, бұл көлікті бірден үш зауыт өндірген.


Алайда, соғыста көлік өзін жақсы көрсете алмады. Себебі, қызмет көрсету сапасы төмен, қуаты аз және құрылымы күрделі болған. 5000-нан астам данасы шыққаннан кейін, Hanomag және BMW зауыттары бұл көлікті өндіруден бас тартады. Тек Stoewer зауыты ғана қателіктерге қарамай жұмыс істеуге шешім қабылдаған.


8. NSU-HK101


Визуалды NSU-HK 101 — мотоцикл мен трактордың біріктірілген түрі. Шынжыртабанды және алдыңғы жетекті көліктің салмағы 1235 келі, ал көтеретін жүгі — 325 келі болған, яғни қазіргі жеңіл автокөліктер сияқты. Көліктің басты міндеті – жол жоқ жерде қиындықсыз жүру. Яғни, соғыс жағдайында сенімді, тоқтамайтын соғыс техникасы. Басқару тетігі мотоциклдегідей, ал тежегіші шынжыр табандар болған.


9. ГАЗ-АА/ГАЗ-ММ

Аты аңызға айналған бұл көліктердің тарихы 1929 жылы құрылған кеңестік Горький автокөлік зауытының тарихымен тығыз байланысты. 1932 жылы аталған көліктерді өндіру американдық көлік жиынтықтарынан құрастырумен басталады, ал 1933 жылдан бастап бірнеше жетілдірулерден кейін, толығымен нағыз кеңестік көлікке айналған.


42 ат күші бар 4-цилиндрлі қозғалтқыш, 4-сатылы трансмиссия, рама және рессорлармен жабдықталған көліктер өздерін соғыс даласында жақсы көрсете білген. Олар 1,5 тонна жүкті көтеруге қабілетті болған.


10. ЗИС-5

Үш тонналық жүк көліктері бірінші рет 1933 жылдың 1 қазанында жарық көрді. Сталин атындағы зауытта машиналарды шығару біртіндеп ұлғайған: алғашқы айларда күніне 5-7 дана жиналса, кейіннен күніне жүздеген көліктер өндірілген. Бұл көлікке қойылатын негізгі талаптар – қарапайымдылық, сенімділік, отын үнемділігі және жылдамдық болған.


Көлік бірден 3 тонна жүкті және 4-5 адамды көтеретін, қажет болған жағдайда салмағы 3,5 тоннаға дейінгі тіркемені сүйрей алатын болған. Сондай-ақ, ЗИС аязда да іске қосылып, жолсызда 70 және жолмен 100 км/сағ. жылдамдықпен жүре алған.

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Автокөлік шиналарын осылай сақтап, тағы бір маусым қолдануға болады

Бензин ҮНЕМДЕУДІҢ қарапайым амалдары