КӨКТЕМ: Көлікті бір ТЕКСЕРЕТІН кез келді

0
2 247

Көптеген автоәуесқойлар көлік тек қыс мезгілінде коррозияға ұшырайды деп қате ойлайды, негізі бұл процесс көктемде де жүреді.


КӨКТЕМ: Көлікті бір ТЕКСЕРЕТІН кез келді

илюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Нақтырақ айтсақ, қыста жолға себілетін тұз бен құм, ылғал және көктемдегі батпақ, жауын шашынның әсері көліктің жабдықтарын коррозияға ұшыратады, яғни тот басады. Сондықтан көктем келіп, күн жылынғанда темір тұлпарды бір тексерістен өткізген дұрыс.


Көлікті жуып, тазалау

«Темір тұлпарды» жылы мезгілге дайындаудың алғашқы сатысы – көліктің іші мен сыртын су аса мұқият жуып, салон мен жүк салғышта тазалау. Сондай-ақ, кілемшелерді шығарып, оның астына қыс бойы ылғал жиналмағанына көз жеткізу. Мұндағы мақсат кірден құтылу ғана емес, автокөлік бөлімдерін мұқият кептіру. Ол үшін пешті қосып қоюға немесе есік-терезесін ашып, ауамен кептіруге болады.

Құрғағаннан кейін, көліктің қыстан қандай зардап шеккеніне тексеру жүргізу қажет. Барлық жарықтар, сынықтар мен сызаттарды өңдеп, бетін жабу керек.

Көліктің бояу қабатын арнайы мамандардың көмегімен жылтыратып өңдеуге де болады. Одан кейін жарықтар мен сызаттарға оттегінің кіруі азайып, тотығу мен металл коррозиясының болуын азайтады. Бұл жағдайда арнайы силиконды құралдар, балауыз немесе тефлон негізіндегі құралдарды қолдансаңыз да болады.


Аккумуляторға көңіл бөліңіз

Қыс мезгілінде аккумулятор жұмыс істеп тұрған пешке, фараларға, әсіресе моторды іске қосу кезінде үлкен жүктемелерге ұшырайды. Ал, температураның өзгеруі оның жай-күйіне теріс әсер етеді. Аккумулятор мүмкіндігінше ұзағырақ қызмет етуі және сенімді болуы үшін көктем басталысымен алдын алу керек.

Бірінші кезекте аккумулятор зарядын тексеру қажет, егер қажет болса, арнайы құрылғының көмегімен оны қуаттаңыз. Сосын, ескі аккумулятордағы электролит деңгейін тексеріп, керек болса тазартылған суды қосқан дұрыс. Сонымен қатар, қыстан кейін барлық байланысқан сымдардың қосылыстарын мұқият қарап шығып, тоттанған клеммаларды тазалаңыз.


Қозғалтқыш пен электр желісі

Егер көлік қыстан мінсіз шықса, бұл шамдардың(свеча) дұрыс жұмыс істеп тұрғанын және оларды ауыстырудың қажеті жоқ екенін білдіреді. Дегенмен көктем келгенде бір тексеріп қойған артық болмайды.

Қазіргі заманғы қозғалтқыш майлары өз қасиеттерін аязда да, ыстықта да сақтай алады. Егер Сіз сапалы май қолдансаңыз, ал оны ауыстыру уақыты әлі келмесе, онда көктемде май ауыстыру керек емес. Мамандар дизельді қозғалтқыштың ғана майын маусым сайын ауыстырып тұруды ұсынады. Сондай-ақ, май ауыстырғанда сүзгісін де жаңалаңыз.

Қозғалтқыштың әр бөлігін мұқият қарауға уақыт бөліңіз. Температураның өзгеруіне байланысты мотордың иілімді бөлшектері тозады. Соның әсерінен техникалық сұйықтықтар ағуы мүмкін. Егер көзбен шолу кезінде май ағуын байқасаңыз, дереу автосервис көмегіне жүгіну керек. Ағуды мүмкіндігінше тезірек жою қозғалтқыштың бұзылмауына тиімді. Ал бұзылса мол шығынға ұшыраймсыз.

Мамандар арасында қозғалтқышты жуудың пайдалы немесе зиянды екені туралы көп пікірталас туындайды. Тәжірибе көрсеткендей, бұл процестің пайдасы қозғалтқыштың сыртқы келбетінде ғана. Ал, ескірген автокөліктердің моторын жуу қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені олардың электр сымдары коррозияға ұшыраған әрі ескірген болады. Оған қоса, сервистер қозғалтқышты жуғаннан кейін бір сағаттай уақыт кептіріп қоятынын білеміз. Оның себебі, қозғалтқыш жабдықтарына су кіріп кетуі. Сондықтан, барынша бұл процестен қашып, тазалауға құрғақ маталарды қолданған жөн.


Сұйықтықтар және жанармай

Жылдың қай мезгілі болса да ай сайын қозғалтқыш, КПП мен рөлдік рейкадағы, тежегіш пен желдеткіштің майының деңгейін тексеріп тұрыңыз. Азайған майды қажетті деңгейге дейін толтырып қою маңызды. Сондай-ақ, сұйықтықтың түрі мен түсі сәйкес келгені дұрыс.

Мамандар көктемде жанармай құбырын және багын жууға кеңес береді. Алайда бұл көп уақыт алатын және бағасы қымбат қызмет болғандықтан, кем дегенде жанармай сүзгісін алмастырыңыз.


Жүріс бөлігіне диагностика

Жүріс бөлігіне диагностика жүргізу өте маңызды. Сондай-ақ қыстан кейін рөлдік тартқыштарды, амортизаторларды, сайлентблоктарды, топсалы қосылыстар мен шрустарды тексеріп, қажет болса ауыстыру керек. Ал апаттансақтану үшін тежегіш жүйесін тексертіңіз. Айта кетейік, бұл қызметтерді арнайы автосервистер көрсетеді.


Кондиционер

Көліктегі кондиционерді тазалап, сүзгісін ауыстырып, фреон сұйықтығын толтырып қойыңыз. Сонда ыстық күнде салқындау мәселе болмайды.


Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Әлемдегі ең шыдамды көліктерді білесіз бе?


Коронавирус және көлік: Қандай ЕРЕЖЕНІ қатаң сақтау керек?