Көлік жүргізгенде мыналар туралы білмеуіңіз мүмкін

0
5 784
Көптеген көлік жүргізетін адамдар жол жүру туралы заңды толық біле бермейді. Соған байланысты осы жазбада жүргізуші құқықтары, жол-патрульдік полициясы қызметкері қандай жағдайларда тоқтататыны және ЖПП тоқтатқан жағдайда нені білу керек екені жайлы кеңес береміз.

Көлік жүргізгенде мыналар туралы білмеуіңіз мүмкін

көрнекілік суреттер: ашық дереккөзден

Жол полициясы қызметкері жасырынып тұрмауы керек

Заң бойынша жол полициясының қызметкерлері жолда көлікпен келе жатқан жүргізушілерге көрінетін аумақта орналасуы керек. Яғни, қандай да бір «қабырғалардың» арғы жағында (ағаштар, ғимараттар, құрылыстар және жарнамалық тақтайлар т.б.), сондай-ақ тоқтауға және тұруға тыйым салынған орындарда болмауға тиіс.

Сонымен қатар, жүргізушілер үшін қалада және ұзақ жолда жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін радар қолдануға болады.


Қандай жағдайда тоқтатуға құқылы?

Жол-патрульдік полициясы жүргізушілерді:

1) Жол ережесін бұзғанда;

2) Жүргізушіге куә болған жол-көлік оқиғаларының, әкімшілік құқық бұзушылықтың, қылмыстың жасалу мән-жайлары туралы сұрақ қою қажеттігі туындағанда;

3) Стационарлық полиция бекеттерінде сіздің құжаттарыңызды тексеру үшін (Жол жүрісі туралы» Заң, 54-б, 3/1);

4) «Жол жүрісі туралы» заңның 54-бабына сәйкес, көліктерді тоқтатуға болады:

• медициналық көмек көрсетуге кетiп бара жатқан медицина қызметкерлерiне;

• жедел медициналық көмекке мұқтаж азаматтарды аурухаларға жеткізуге;

• терроризмге қарсы операциялар жүргізу кезінде медицина қызметкерлерiне, iшкi iстер органдарының және ұлттық қауiпсiздiк органдарының қызметкерлерiне;

• жол-көлік оқиғалары кезiнде бүлінген көлiк құралдарын тасымалдау және зілзала болған жерге бару үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерiне жол беру үшін;

5) Мемлекеттік орган қызметкерлерінің немесе лауазымды адамдардың қозғалысына кедергі келтірмеу туралы шешімдерді орындау кезінде;

6) Ұрланған көлік құралдарын, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары және көлікке байланысты өзге де қылмыстар болған жерден қашып кеткен автокөлікті іздестіру кезінде;

7) Жол жүрісін реттеу үшін тоқтата алады («Жол жүрісі туралы» ҚР Заңы, 52-б.1-т.).


Қалай тоқтатады?

ЖПП қызметкері қызметтік көлікпен жүрсе, көлікті тоқтату үшін дауыс зорайтқышпен мемлекеттік нөмірін немесе көліктің айрықша белгілерін атайды. Ал жаяу қызметкер қол көмегімен қайда тоқтау керектігін көрсетеді.

Содан кейін, ЖПП қызметкері өзінің лауазымын, арнайы атағын, тегін және қызмет ететін бөлімшесін, сондай-ақ тоқтату себебін айтуға міндетті. Сондай-ақ, ЖПП қызметкерінің рұқсатынсыз жүргізушіге немесе жолаушыға көліктен шығуға болмайды.


ЖПП қызметкерінен нені талап етуге болады?

Кез келген көлік жүргізушісі ЖПП қызметкерінен оның қызметтік куәлігі мен төсбелгісін (жетонды) көрсетуін талап ете алады. Қазіргі таңда ЖПП қызеткерінің өзгерген, жаңа төсбелгісі суреттегідей.


ЖПП тоқтатқанда жүргізушіде мынандай құжаттар болуы керек:

• Жүргізуші куәлігі немесе жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәлік және жеке басыңызды куәландыратын құжат;

• Көліктің тіркелгенін растайтын құжат;

• Сақтандыру полистері;

• Тасымалданатын жүкке рұқсатнама.

Айта кететін маңызды жайт – қазіргі таңда сізге тиісті емес көлікті айдауға сенімхат талап етілмейді. Көлік иесінің мәліметтері сақтандыру полисінде көрсетілсе жеткілікті. Сондай-ақ, көлікті басқа біреуге басқартып, өзіңіз жанында отырсаңыз сенімхат қажет болмайды.


Жоғары жылдамдық үшін қанша айыппұл төленеді?

Заң бойынша жылдамдықты белгіленген қалыптан 10 км/сағатқа дейін көтеруге ерік беріледі. Ал одан асса, айыппұл төленеді. Нақты айтсақ:

•10-20 км/сағаттан асырғанда 5 АЕК айыппұл;

•20-40 км/сағаттан асырғанда 10 АЕК мөлшеріндегі айыппұл;

•40 км/сағ. артық – 20 АЕК (1 жыл ішінде қайта бұзған жағдайда – 30 АЕК) айыппұл салынады.

Айта кетейік, 2018 жылы АЕК мөлшері 2 405 теңгені құрайды.

Сондай-ақ, жол қауіпсіздік ережелерін бұзғанда салынатын барлық айыппұл түрімен арнайы порталда танысуға болады. Егер, ЖПП жүргізушіге айыппұл салса, оны шешім шыққан күннен бастап 30 күн ішінде төлеуге міндетті.

Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуымен немесе ЖПП қызметкерінің тоқтату себептерімен келіспеген жағдайда, жүргізуші бұл туралы әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада жазбаша баяндап, арыздануға құқылы.

Ақпарат көзі: m.egov.kz

Дайындаған: Б.Ерман,

ERNUR.KZ

Пікір қалдыруыңыз үшін сайтқа кіруіңіз қажет