КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНІҢ ең көп жіберетін ҚАТЕЛІКТЕРІ

0
1 782

Сіз бұл қателердің қайсысын жиі қайталайсыз?


КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІНІҢ ең көп жіберетін ҚАТЕЛІКТЕРІ

Темір тұлпар тізгіндегеніне қанша жыл болса да, тіпті ең тәжірибелі деген жүргізушінің өзі қателерге жол береді. Ал, рөлге жаңадан отырған жас жүргізушілер жайлы айтудың өзі артық. Қате салдарсыз болса жақсы ғой. Ең жаманы – олардың соңы өмірге қауіп төндіретін жағдайларға ұласуы.

Көлік тізгінде ең жиі жасалатын және жол апатына жиі ұшырататын қандай әрекеттер?


Әр әрекетін бақыламау

Көлік тізгінін ұстағанда әр әрекетіңді жіті бақылап отырмасаң, ұмытшақтық не самарқаулық бойды билеп ала жөнеледі. Ой үстінде отырған жүргізуші бірден жылдамдықты ауыстыра салу, қол тежегішті түсірмей жүріп кету, айнаға қарамай артқа жүру не бұрыла салу сынды әрекеттерге жиі барады. Кейде сәтін салып, оңай құтылса, кейде орны толмас өкінішке апаруы әбден мүмкін.


Арақашықтық сақтамау

Осы мәселе де көлік жүргізушілері арасында кең таралған. Құдды бір алдыңғы көлікпен арадағы бірнеше метр бір адамның тағдырын шешетіндей. Егер әр көліктің арасында тиісті арақашықтық сақталса, жол-көлік оқиғаларының саны біршама азаяр еді.



Ұялы телефон қолдану

Рөлде кетіп бара жатып ұялы телефонмен сөйлесіп, хат жазысып, бейнежазба тамашалап үлгеріп жатқан жүргізушілерді жиі көреміз. Олардың ойы шашыраңқы, зейіні көлік жүргізуге шоғырланбаған екені айдан анық. Егер телефонға тек аса маңызды шаруалар үшін ғана көңіл бөліп, жедел қоңырауларға жауап беру үшін құлаққап қолданса, өзгелерден бұрын өзі үшін әлдеқайда қолайлы әрі қауіпсіз болар еді.


Шектен тыс сенімділік

Өз-өзіне тым сенімді болып кету де жүргізушілердің басында жиі болады. Әсіресе, автокөлік рөліне отырғанына көп жыл болған әккілерде. Олар жылдамдықты асырып жүйткіп, бұрылыстарда баяуламай, рөлде өзін барынша еркін ұстап дегендей түрлі трюк жасап жанындағы жолаушыны таң қалдырғысы келеді. Жылдар бойы жинаған тәжірибесіне сенер, бәлкім. Алайда, ешкімнің ешқашан жағымсыз жайға ұшырап қалмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Содан ғой өзіңе тым «көп алып» кеткен кезде «көп асқанға бір тосқанның» болатыны.


Эмоциясын басқармау

Көік рөлінде отырғанда эмоцияға ерік беру – ең үлкен қателіктердің бірі. Басқа кезде болса, бір жөн. Дәл жол үстінде, оның үстіне, рөлде отырғанда ашуға бой алдыру, дауласу, тым қатты қуану, шектен шыға мұңаю сынды сезімдердің соңы жақсылыққа апармайды. Сондықтан, жүргізуші үшін эмоциясын басқара білу аса маңызды.


Ауа райын есепке алмау

Автомобиль доңғалағын күн суытқанда қысқыға, жылына бере жазғысына ауыстыру керегін бәрі біледі. Алайда, алдын ала ескеріп, ертерек әрекет ететіндер аз. Тіпті біреулер күнде ертеңмен қалай қысты жазғы доңғалақпен өткергенін сезбей де қалады. Бәрінде солай сезілмей кетсе, жақсы ғой. Доңғалақтың мезгілге сай еместігінің салдарынан оқыс оқиғаға ұшырап жатса, бармақ тістетері сол емес пе?



Көз жанарының жай-күйін ескермеу

Күнделікті тіршілікте, қызмет барысында көзге бұрынғыдан бірнеше есе көп күш түсетін кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Содан да болар, қазір екінің бірінің көру қабілеті өзгеріске ұшыраған. Соны біле тұра жүрдім-бардым қарайтынымыз жасырын емес. Біреуде дәрігерге барып тексертуге уақыт тапшы, енді біреуде көзілдірік алуға ақша жоқ, тағы бірінің линзасының мерзімі өткен, тағысын тағылар. Ең қорқыныштысы – осы типтегі кісілердің біразы күнделікті көлік тізгінінде.


Ұйқысы қанбаған не шаршаңқы күйде көлік айдау

Бұл да бүгінде қалыпты әдетке айналып кеткендей. «Кеше түнде кеш жатып едім», «Ұйқы көрмегеніме үш күн болды» деп есінеп отыратын жүргізуші көп. Оның жанында жанды шүберекке түйіп қойып, «құдай сақтасынға» салып отыра беретін жолаушы да аз емес. Түнделетіп жол жүруді тиімді санайтындар өз алдына бір төбе.

Ал енді шыныңызды айтыңызшы, сіз осы қателіктердің қаншауын жиі жасайсыз? Немесе қаншалықты жиі кездестіресіз?

Дайындаған: Бауыржан ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Бұл көлікке ӨМІРІҢІЗДІ сеніп ТАПСЫРУҒА болмайды екен


САЛОННАН КӨЛІК аларда сауда жасаудың ҚҰПИЯЛАРЫ