ӨТЕ ПАЙДАЛЫ: Тәжірибелі жүргізушілерден 4 лайфхак

0
5 195

Автокөлікті дұрыс пайдаланған адам шығындарын едәуір азайта отырып, түрлі проблемалардан оңай құтылады.


ӨТЕ ПАЙДАЛЫ: Тәжірибелі жүргізушілерден 4 лайфхак

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Тәжірибелі жүргізушілер көлікте пайда болатын кез келген мәселенің алдын алатын түрлі айла-амалдарды біледі. Оны өз өміріңізде қолданып, пайдасын көру үшін сол жүргізушілердің кеңесін мұқият тыңдап, әдістерді іске асыру қажет. Сонымен, тәжірибелі жүргізушілер не дейді? Кеңеске кезек берейік.


Мотор майының сапасын қалай тексеруге болады?

Қозғалтқышта ақаулардың болу, болмауы мотор майының сапасына тікелей байланысты болады. Сондықтан ол сұйықтықты үнемі тексеріп отыру арқылы күйін бақылау өте маңызды. Біреулер үшін бұл қиын болуы мүмкін. Бірақ, әккі жүргізушілер тексерудің оңай амалын біледі. Олардың айтуынша, алдымен қозғалтқышты іске қосып, шамамен 10 минут күту керек. Содан кейін қозғалтқыш майының деңгейін тексеретін түтікті алып, одан таза параққа бірнеше тамшы май тамызыңыз. Енді кепкен майдан қалған дақтардың пішіні мен түсі арқылы май сапасы туралы қорытынды жасауға болады.

Егер ақ қағаздағы дақ біркелкі әрі майдың түсімен бірдей болса, онда мұндай майдың құрамында су жоқ және сапалы деген сөз. Ал, дақтың алағат болып түсуі мотор майының айтарлықтай ластануын білдіреді, оны мүмкіндігінше тез ауыстыру керек. Сондай-ақ, ақ қағаздағы дақ қоңыр немесе сұр түсті болса, онда мұндай майда әртүрлі ерімейтін заттардың бар болғаны. Мұндай майды да жүрілген жолға қарамай-ақ ауыстырып тастаған дұрыс. Одан бөлек, таза қағазда ұсақ металл бөліктері болса, бұл қозғалтқыштың айтарлықтай тозғанын білдіреді. Ал, тозған қозғалтқышты мамандарға тексерткен жөн.


Тырнақ лагын қолданамыз

Тырнаққа арналған лак көмегімен автомобильдің корпусында пайда болған кішігірім сызаттарды жасыруға болады. Ол үшін зақымдалған жерді жуып, құрғағаннан кейін лакты бірнеше қабат қылып жағу қажет. Әр қабатты жағып болғасын жарты сағаттай күту керек екенін ұмытпаңыз. Тағы бір айта кетерлігі – бұл әдіс арқылы сызаттан біржолата құтылам деп ойламаңыз. Бұл әдіс уақытша қолданылады және арнайы мамандарға апарам дегенше тот басудың алдын алады.

Сондай-ақ, тырнаққа арналған лактың көмегімен әйнекке түскен жарықтарды тоқтатуға болады. Яғни жарық түскен жерге түссіз лак бірнеше қабат болып жағылады. Олай істемеген жағдайда, тас немесе басқа да қатты заттардың әсерінен пайда болған жарықтар үлкейе береді де, соңында жаңа терезе салуға тура келеді.


Жаңбырда көлікті дұрыс жүргізу

Жаңбыр жауып тұрғанда пайда болатын ең үлкен қауіп – жолдағы су жиналып қалатын терең шұңқырлар. Көлікке қандай да бір зақым келмес үшін шалшық судан өткенде жылдамдықты азайту керек. Әйтпесе, дөңгелекке, ходовкаға, қозғалтқыш пен генератордың істен шығуына соқтыруы әбден мүмкін. Сосын көлік күрделі жөндеуді қажет етіп, шығынға ұшыратады. Сондай-ақ, су толы шұңқырдан өткеннен кейін тежегіш техникасын кептіру керек. Ол үшін тежегіш педальды бірнеше рет бассаңыз жеткілікті.


Ескі шиналарды дұрыс қолданыңыз

Тәжірибелі жүргізушілер ескі және қосалқы шиналарды бамперге зиян тимес үшін гараждың қабырғасына сүйеп қояды немесе артқы доңғалақтарды тіреуге пайдаланады.

Жалпы, тәжірибесі толысқан жүргізушілерден үйренетін нәрсе көп. «Көп оқығаннан емес, көпті көргеннен сұра».


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз:


Көлігін САТАТЫН адамның ҚАТЕЛІКТЕРІ көп


КӨЛІККЕ жанармай құюдың да ҚҰПИЯСЫ бар