Жүргізушілердің назарына: көлікке дұрыс отырып жүрсіз бе? (видео)

0
5 417

Автокөлік жүргізушісінің рөлде дұрыс отыруы оның физиологиялық ерекшеліктеріне – бой, дене, қол және аяқтың ұзындығына байланысты. Алайда барлық жүргізушілер үшін жалпы ережелер бар.


Жүргізушілердің назарына: көлікке дұрыс отырып жүрсіз бе? (видео)

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден


Рөлде дұрыс отыру қаншалықты маңызды?

Рөлде дұрыс отыру ең бірінші барлық бұлшық етке түсетін күшті барынша азайтады және қан айналымы қалыпты жүреді, бұл ретте жүргізуші ағзасы жұмысқа қабілетті күйде болады. Демек, күтпеген жағдай туындаған кезде, адам тез әрекет ете алады және оның іс-әрекетіне ештеңе бөгет жасай алмайды.


Отырғанға дейін:

Айналадағы жағдайдан бастау керек. Яғни, жүргізуші көлік тұрған орынның маңайын қарауға, қозғалыс бағытына ерекше назар аударуға міндетті. Онда қауіпті заттар (мысалы, сынған әйнектер) мен балалар болмауы керек. Сондай-ақ,жолда жарықтар мен ойықтардың бар-жоқтығын анықтап алған дұрыс.


Отыру

Жүргізушінің кез келген жеңіл көлік рөліне отыруы мынадай қарапайым тәртіппен орындалады:

• Сол қолмен жүргізуші есігін ашады;

• Оң қолмен рөлді ұстайды;

• Алдымен оң аяқты салонға кіргізеді;

• Оң аяқты кіргізу кезінде міндетті түрде сол аяққа отыру қажет;

• Осы уақытта сол қол жүргізушінің есігін ұстауы керек;

• Жүргізушінің денесі өз қалпына келген соң, ажыратып-қосу (сцепление) педалін басу үшін сол аяғы жазылады. Бұл кезде оң аяқ міндетті түрде тежегіш басқышында болуы тиіс.


Рөлге ыңғайланып отыру

Көлікке отырғаннан кейін жүргізуші көлікті басқаруды барынша ыңғайлы ететіндей дене жағдайын дұрыстау қажет. Бұл кездегі негізгі мәселе – орындықта дұрыс отыру. Рөлден алыс отырып, қолды созып басқару дұрыс емес. Себебі, ондайда жүргізуші тез шаршайды, әрі ыңғайсыз болады.


Сондай-ақ, рөлге тым жақын отырса да осындай жағдай орын алады, яғни шаршайды және қырағылықты жоғалтады. Сондықтан, «алтын орталық» ережесін ұстану қажет. Бірақ, міндетті түрде дәл ортасында отыру шарт емес. Бастысы – жүргізушіге жайлы болса болғаны. Оны әркім өзі сезеді және орнын ретке келтіру қазіргі кез келген көлікте оңай жүзеге асады.


Орындықты реттеу

Көлік басқарудың ыңғайлы болуына әсер ететін келесі жағдай – орындықтың жайлылығы. Жүргізушінің рөлге дұрыс отыруы осыған тікелей байланысты. Жайлылыққа мынандай реттеулер арқылы қол жеткізуге болады:

Алдымен аяқтың басқыштарға дейінгі жағдайын таңдау қажет – аяқтың бүгілуі 120-150 градус. Сонымен қатар, иілген қол рөлдің төменгі жағына еркін жетуі тиіс. Сосын, орындыққа арқа толық тиіп тұратындай етіп қою керек.


Барлық ережені орындағаннан кейін, көлікті дұрыс басқару үшін жүргізуші омыртқаны тік ұстау қажет (90 градусқа жақын). Осындай жағдайда отырған жүргізушінің қырағылығы мен қиын жағдайдан қысылмай шығуы ұзақ уақыт сақталып тұрады.


Айналарды реттеу – дұрыс басқарудың ең маңызды бөлігі

Көліктегі сыртқы және ішкі айналар басты аз бұру арқылы артқы көріністі шолудың ең жоғары дәрежесін беретіндей күйде болуы тиіс.


Қауіпсіздік белдігі

Орындықты ыңғайлы жағдайға келтіргеннен кейін қауіпсіздік белдігін тағудың қолайлылығын тексеру қажет. Ол үшін белдікті бірнеше рет тағып көрсеңіз жеткілікті. Егер бұл әрекетті орындау барысында қандай да бір қосымша дене қозғалысы қажет болса, онда орындық қалпын түзету қажет.


Аяқтың басқыштағы жағдайы


Жүргізуші механикалық қорапты көлікті басқарғанда сол аяқты – ажырату басқышының, оң аяқты – тежегіш басқышының тұсына қоюы керек. Көбіне оң аяқ тежегіш пен газ басқышында кезек-кезек жұмыс істейді. Ал, автомат қорапты (автомат коробка) көліктің басқыштары екеу ғана.


Қорытынды

Жүргізушінің рөлде дұрыс отыруы бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік береді:

Біріншісі – қозғалыс қауіпсіздігі. Дұрыс отырған жүргізуші қиындық туған жағдайда оңай әрекет ете алады.

• Екіншісі – денсаулық қауіпсіздігі сақталады. Себебі, орындықты дұрыс қоймаған кезде омыртқаның қисаюы және басқа да аурулар пайда болады.


Рөлде дұрыс отыру көлік жүргізуді ыңғайлы етіп қана қоймай, жол-көлік оқиғасы болған жағдайда қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін есте сақтаған жөн!


Дайындаған: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


Көлік кептелісінен құтылудың жолдары


Көлікті дұрыс жуып жүрсіз бе? (кеңестер)