Жаңа піскен нанмен сүт қатып шай ішкен қандай?!

0
4 227

Дастарханда қара нан мен қара шай болса содан асқан байлық жоқ. Бұрындары жоқшылық заманда қатқан нанды шайға жібітіп жеудің өзі арман болған.


Жаңа піскен нанмен сүт қатып шай ішкен қандай?!

фото: bestkitchenlife.com

Қараша айында әлемдік деңгейде атап өтілетін мынадай күндер бар екен: «Жаңа піскен нанның иісі күні», «Сүтті коктейль күні», «Жаңа шаймен танысу күні». Атаулары өте керемет! Бәрі де қазақта бар өнімдерден жасалады. Әсіресе «Жаңа піскен нанның иісі» деп аталатын күн ерекше екен. Дәл осы күні нанның иісін бұрқыратып пісіріп, көрші-қолаңды шайға шақырып, дастархан жайғанға не жетсін! Ал ыстық нанмен шай да, сүтті коктейль де жақсы үйлесім табады.

Ендеше, осындай атаулы күндерге арнап, оқырмандарға үш түрлі рецепт ұсынбақпыз.


Айранға иленген нан

фото: avatars.mds.yandex.net

Қажетті өнімдер:

  • 500 гр. ұн
  • 5 гр. ашытқы
  • 2 ас қасық қант
  • 1 шай қасық тұз
  • 300 мл. кефир
  • 2 ас қасық өсімдік майы
  • 1 ас қасық күнжіт
  • 1 ас қасық пісте дәні.


Дайындалуы:

  1. Алдымен табаққа ұнды, қант пен тұзды, ашытқыны салып, араластырып аламыз. Содан соң жылы кефир мен өсімдік майын қосамыз.
  2. Барлығын араластырып, қолымызбен жақсылап тұрып илейміз. Өте жұмсақ қамыр шығуы тиіс.
  3. Қамырдың бетін жауып жылы ораймыз да, бір сағатқа қоямыз.
  4. Бір сағаттан соң қамырды бір илеп жібереміз де, тағы да бір сағатқа қалдырамыз.
  5. Осы уақыт аралығында қамыр жақсылап көтеріледі. Енді қамырды майланған табаға салып, бетіне пісте мен күнжітті себелеп бетін матамен жабамыз да, 30 минут тағы қоя тұру керек.
  6. Дайын нанды пешке салып, 20-30 минут пісіреміз.


Сүт қосылған коктейль

фото: avatars.mds.yandex.net


Қажетті өнімдер:

  • 400 мл. сүт
  • 200 гр. кілегейлі балмұздақ
  • 1 дана балғын банан.


Дайындалуы:

  1. Бананның қабығын аршып, турайсыз да, блендерге саласыз.
  2. Артынан 100 мл сүт құясыз. Банан толықтай езілгенше блендерді айналдыра бересіз.
  3. Біркелкі қалыпқа келгенде балмұздақты салып, тағы да бір минуттай айналдырады. Сосын қалған сүтті құйып, барлығын блендермен араластырасыз.
  4. Сүт барынша көпіршіп, хош иісі мұрныңызды жарады. Мұндай коктейльді дайын болған уақытта ішіп қойған дұрыс.


Зімбір мен қалампыр шайы

фото: kuhnya.org


Қажетті өнімдер:

  • 250 гр. сүт
  • 12 гр. шай
  • 8 гр. зімбір
  • 5-6 дана қалампыр
  • 250 гр. су
  • Дәміне қарай қант қосылады


Дайындалуы:

  1. Ыдысқа сүт пен суды құйып, қайнатамыз.
  2. Ал, жуылған зімбір тамырын ұсақкөзді үккіштен өткізу қажет.
  3. Сүт қайнаған уақытта құрғақ шайды саламыз. Отты жай басып, 1 минуттай қозғап тұру керек.
  4. Сосын қалампыр мен зімбірді салыңыз. Бір қайнаған соң отты сөндіріп, қақпағын жауып қоямыз. Осылайша шай 2-3 минут тұрсын.
  5. Қайнаған шайды майда сүзгіден өткізіп, қант қосып іше беруге болады. Өте дәмді әрі хош иісті шай да дайын дей беріңіз!

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз: Қысқа арнап қырыққабат дайындап үлгердіңіз бе?

Крекер печеньесін үйде дайындауға болады

Тауық етінен дайындалған дәмді салаттар